Топырақты қорғау туралы заң қажет

0

2012 жылы Қазақстан, Түр­кия, Әзербайжан және Ресей ел­дері Еуразиялық топырақтану қо­ға­мын құрып, мамандар жыл сайын көкейкесті мәселелер ая­сында бас қосуды дәстүрге ай­налдырып келеді. Топырақ пен қоршаған ортаны қорғау та­қырыбын қозғап отырған биылғы конгресс жұмысына Германия, Канада, Италия, Жапония, Түр­кия, Сербия, Ресей, Қытай, Пә­кіс­тан, Иран, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Әзербайжан сияқты 30 шақты мемлекеттен келген ға­лымдар климаттың өзгеруі, жердің тозуы, шөлейттену үде­рістерінің қоршаған ортаға әсе­ріне қатысты ізденістерін орта­ға салып, әлем бойынша жұды­рық­тай жұмыла отырып шешу жолдарын ұсынды.

Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Абдулла Сапаров Жер шарында топырақтың тозуы белең алып отырғандығын алға тартты. Бүгінде деректер 70 пайызға дейінгі жерлердің тозып кеткендігін растайды. Ал тағы 30 пайызы − шөл-шөлейтке бейім жерлер. Маманның айтуынша, Қазақстанның жер көлемінің 76 пайызы әртүрлі деңгейде дег­радацияға ұшыраған, оның ішін­де топырағы басқа елдерге қа­рағанда антропогендік қысым­дарға төзімсіз, нәзік әрі тозуға бейім келеді.

Дер кезінде тыңайтқыш себілмегендіктен, қоректік заттар бірте-бірте азая беретіні заңдылық. Топырақтың табиғи құнары соңғы 10 жылда 1,5-тен 20,5 пайызға дейін төмендеп кеткен. Егер осы қарқынмен жалғаса беретін болса, алдағы 50 немесе 100 жылда не болады?! Бар байлығымыз осы табан астында жатқан жерімізде жатқан жоқ па?.. Аграрлы ел бола тұра, осындай олқылықтарға жол беріп отырғанымыз негізсіз», деп қынжылысын білдірген Абдулла Сапарұлы топырақтың құрамына қатысты мәліметтермен бөлісті.

Бүгінде еліміздегі қара топырақты алқаптар 25 млн гектарды құраса, қоңыр-қызыл топырақ алқабы – 90 млн, сұр топырақты өңір – 120 млн, таулы аумақтар – 37 млн, барлығы 272,5 млн гектарды құрайды. Осы аумақтың 102 млн гектары ауыл шаруашылығына тиесілі жерлер. Жайылым жерлер көлемі – 188 млн га. Ал жайылым жерлердің 48 млн гектары, яғни 26,2 пайызы түрлі деңгейдегі тозуға ұшыраған жерлер. Оның ішінде мал тұяғы таптаған аумақтар бар. Мысалы, 25 млн га − ауыл-аймақтар төңірегіндегі жайылымдар. Бұл маңдарда шөп шықпай, адыраспан қаулаған. Ал ауыр металдармен, радиоактивті, химиялық элементтермен ластанған аумақтар жайындағы әңгіменің райы тіптен бөлек. Қазіргі таңда жоғарыда айтылған заттармен ластану көлемі − 21,5 млн, сонымен бірге жердің бүлінген аумақтары − 250 мың гектар. Қатты тұзданған аумақтардың көлемі соңғы 20 жылда 35-37 пайызға жеткен. Тіпті, суармалы аумақтардағы тозығы жеткен, ирригациялық эрозияға ұшыраған жерлер көлемі 97 пайызды құрайды. Ал алдағы уақытта еліміздегі суармалы жерлердің көлемін 2 млн гектарға жеткізу міндеті тұр. Бұл мәселе агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекеттік даму бағдарламасында көрсетілген.

Қазіргі таңда Қазақстанда суармалы аумақтардан алатын өнім көлемі шетелдермен салыстырғанда 4 есеге дейін төмен.

Осындай деректерді ортаға салған ғалым топырақты күтіп, емдеудің жаңаша жолдарын қарастыруға тиіспіз дейді. Осы орайда жаңа технологиялардың, шетелдердің озық тәжірибелерінің маңызы зор. Мысалы, Белорусь елінде 1 гектар жерге 270 килограммға дейін тыңайтқыш себілетін болса, біздегі көрсеткіш 3-5 кг шамасында. Украина, Канада елдері де топыраққа ерекше күтім жасайды, тоздырмауға тырысады. Ресейде қара топырақты аумақтар бізден 10 есеге артық, ылғалдылығы басым. Десек те, Ресейде ауыл шаруашылығына арналған жерлерді басқарудың өзіндік заңы бар. Сондықтан бізге де осы тәжірибені басшылыққа ала отырып, топырақтың құнарын сақтап, тұздануға, ластануға жол бермей күту қажеттілігі туындап отыр. Егер жер иесі жерді күте алмаса, оған жер неге керек?.. Сербияда заң бойынша әрбір жер иеленуші жерді күтіп, оның құнарын арттыруға міндетті. Егер жерді өңдеп, одан өнім алмаса, ең болмағанда шөбін шауып, өрт қауіпсіздігін сақтамаса, жыл сайын құнары арнайы зертханада тексерілмесе, ол жерлер үкіметке қайтарылады. Ал Қазақстанда топыраққа қатысты мәселелер Жер Кодексінде, өзге де мемлекеттік нормативтік құжаттарда қарастырылғанымен, арнайы заң және мемлекеттік бағдарлама қажеттілігін уақыт талап етіп отыр.

Мамандардың пайымдауынша, экологияның нашарлауы, топырақ құнарлылығының төмендеуі, т.б. көкейкесті мәселелердің алдын алу үшін арнайы топырақ және тақырыптық карталар жасалуы қажет. Мұндай карталар алғаш рет 1938 жылы, кейіннен 1975 жылы жасалған. Бүгінде заманауи жетістіктерге орай картаны ғарыш арқылы жасаудың әрі геоақпараттық технологиялардың әлеуеті зор. Карта − жерді тиімді пайдаланудың негізі. Ендігі кезекте жердің қазіргі жадайын бағалау арқылы космостық сурет пен геоақпараттық технологияларды пайдалану негізінде топырақ карталарын, балл бонитетін және эрозия карталарын, агроөндірістік топтамасын жасап, оны егістікте дұрыс пайдалану қажеттілігі туындап отыр.

 

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/