Толымбек Әбдірайым, балалар жазушысы: Тыныштықтан асқан байлық жоқ

0

Мемлекетіміз Ресеймен бірге кедендік одаққа мүше. Әлеуметтік, экономикалық, мәдени, кез келген салада тығыз байланысты. ТМД елдерінің арасында ықпалы басым екі көрші ел. Осы тұрғыдан алғанда елімізге келіп жатқан ресейліктерге көмек қолын созғанды дұрыс деп есептеймін. Әділдікті ту еткен, дамыған елдер көбіне басына қиыншылық түскен халықтарды кері теппей, өзіне қабылдайды. Біз де осы жолды үлгі етуіміз тиіс.

Геосаяси жағдайды азамат ретінде жиі қарап, жаңалықтарын қалт жібермеймін. Өткенде 23 жастағы ресейлік жігітке анасы 60 мың рубль ұстатып «балам, Қазақстанға бар, қазақтар қонақжай» деп айтқанын естідім. Міне, халқымыздың әуелден текті жұрт екенін біліп тұр. Көмек сұрай келгенді далада қалдырмай, кері теппейтінімізді сезеді. Әйтпесе, 60 мың рубль неге жетеді? Әрі кетсе 1 ай өмір сүрер, сосын қиналады. Осындай кезде оларға қамқорлық көрсетуіміз жөнді іс. Менің жеке пікіріме салғанда, олар елімізге азаматтық алып, бір жола қалайын деп келген жоқ. Халқының басына үйірілген бұлт сейілген соң елдеріне қайтады. Ал осы аралықта біздің оларды қабылдап, көмек көрсетуіміз адамгершілік болады. Не нәрсенің де сауабы бар. Бейбіт сүйгіш ел ретінде әлемге танылдық. Ешкімді қараламай, алаламай, мүмкіндігінше қамқор болған абзал. Өзге ұлттың өкілі екен деп шетке ысыруға болмайды. Қазақстан мен Ресей шекарасы 7,5 мыңнан астам шақырымға созылып жатыр. Құдай қосқан көршіміз. Халықтарының да бірлікте болғаны дұрыс. Тыныштықтан асқан байлық жоғын бәріміз білсек игі.