Төлепберген Байсақалов Лос-Анджелесте үздік актер атанды

0

Актер Төлепберген Байсақалов режиссер Айжан Қасымбектің «От» фильміндегі жұмысы үшін Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін иеленіп отыр. Биылғы жылғы байқауға 20-дан астам ел қатысып, 30 фильм көрсетілді.

«От» фильмі қарапайым адамның басынан өткен оқиғаны баяндайды. Толик (Төлепберген Байсақалов) –мегаполисте өмір сүріп, отбасын асырауға талпынған көпбалалы отбасының әкесі. Курьер болып жұмыс істейді, азғантай жалақыға отбасын асырай алмағандықтан, ол да көптеген адамдар сияқты несие алып, қарызға батып өмір сүруге мәжбүр. Бірақ қызынан үлкен үміт күтеді. Жұмыстан кейін үйге оралғанда Сәуленің жүкті екенін біледі. Бұл жаңалық олардың қызының болашағына арналған жарқын жоспарларын бұзады. Жағдайды шешуге тырысқан Толик бірқатар қиындықтар мен шытырман оқиғаларға тап болады.

Өткен аптада Сочи кинофестивалінде актер Төлепберген Байсақалов «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін жеңіп алды. «От» фильмінің әлемдік премьерасы Пусанда (Оңтүстік Корея) халықаралық фестивальде өтті.

Естеріңізге сала кетейік, фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Алматы қаласында түсірілді. Продюсері Диана Әшімова, сценарий авторлары Шыңғыс Ескендіров, Малик Қасабеков.