Тоғызқұмалақ емес, тоғызат: Депутат ойынның атауын өзгертуді ұсынды

0

Бұл туралы Kznews.kz kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Мемлекет басшысы биыл елімізде өтетін ауқымды шараның бірі V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде сапалы ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осыған орай аталған ойынды өткізу қарсаңында аса маңызды бір мәселе бар. Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны түркі халықтарының ортақ игілігі, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші әрі ортақ жәдігері саналады. Бұл ойын соңғы жылдары дамудың барынша жоғары сатысына көтерілгенмен, әлемдік ауқымда барынша орнығуға кейбір кедергілер бар. Соның бірі – тоғызқұмалақ спортының атауы», — деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың атына депутаттық сауал жолдаған Гүлдара Нұрымова.

Оның атап өтуінше, бүгінде бұл ойынның негізгі екі атауы орнығып отыр: қазақша – тоғызқұмалақ, қырғызша – тоғызкөргөл.

Ішінара түрікше мангала/гечюрме аталады.

Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде ойынның аты «тоғызқұмалақ» аталады да, Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда бұл ойын «тоғызкөргөл» болып шыға келеді.

Осылайша түркі халықтарының бір ойыны әлемдік аренада екі түрлі аталып келеді.

«Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірінше, бұл ойынның жалпытүркілік атауы бар, ол – Тоғызат. Этнограф Г.Загряжскийдің еңбегінен ойынның атауы XIX ғасырда «Тоғызат» аталғаны мәлім болып отыр. Тоғызқұмалақтың бұрынғы атауы «Тоғызат» екендігін білдіретін қарақалпақ және қырғыз елдерінің ойындарының атауын да кездестіруге болады. Осы деректерді ескере отырып, алдағы V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен «Тоғызат» атауын қалыптастыру шараларын қолға алуды ұсынамыз. Ол үшін Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының қатысуымен біріккен шешім қабылдаған дұрыс болады», — деді Мәжіліс депутаты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform