тірі қалған қорықшы сұқбат берді

0

Браконьерлер шабуылы кезінде жарақат алған Самат Оспанов қаза тапқан әріптесі Қаныш Нұртазинов туралы айтты

КӨКШЕТАУ, 27 шілде — Sputnik. Браконьерлер шабуылынан аман қалған Охотзоопром инспекторы Самат Оспанов алғаш рет тілшілерге сұқбат берді. Ол қазір Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында емделіп жатыр.

Жұма күні Көкшетауға экология министрі Мағзұм Мырзағалиев арнайы ұшып келіп, қорықшыны ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

Ер адам тілшілерге берген сұқбатында қаза тапқан әріптесі Қаныш Нұртазиновты еске алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Дәрігерлер науқастың жағдайын қанағаттандырарлық дегенімен, психологиялық денсаулығына алаңдап отыр.


©
Photo : Меруерт Алимова

Браконьерлер шабуылы кезінде Самат Оспанов иығы мен кеудесінен оқ жарақатын алған

«Самат әріптесінің қазасын ауыр күйзеліспен қабылдады. Сондықтан әйелінің қасында болып, күтім жасауына рұқсат еттік», — деп түсіндірді бас дәрігердің хирургия бойынша орынбасары  Дмитрий Чайков.

Оның айтуынша, Саматтың беті бері қарап келеді, жоспар бойынша ем қабылдап жатыр.

Тағы оқыңыз: Тоқаев браконьерлердің жазасын күшейтуді тапсырды

«Келесі аптада сәрсенбі немесе бейсенбі күні ауруханадан шығарсақ деп отырмыз», — дейді Чайков.

Бұған дейін Самат Оспанов тілшілермен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартқан болатын. Әйелінің айтуынша, қорықшы әріптесі Қаныш Нұртазиновтың қазасына қатты қайғырған екен.

«Бір-бірімізді бұрыннан білмесек те, бірден достасып кеттік. Бір апта бұрын ғана таныстық. 17 шілдеде ол да мен сияқты іссапармен келді. Жиырма күн бірге жұмыс істеуіміз керек болатын. Бізді ортақ мақсатымыз – барконьерлікке жол бермеу, сирек кездесетін жануарларды қорғау біріктірді. Өзі сондай жайдары, мейрімді еді, бірақ сөзі мен ісіне мығым екенін де байқадым. Мені «құрдас» деп жақын тартатын»,  — дейді Самат.

Марқұм қорықшының артында әйелі мен бала-шағасы, қарт анасы қалды.

«Қазір олардың қандай күйде екенін елестету қиын. Иманды болсын, жарқын бейнесі жадымда қалды. Әйеліне күш-қуат, сабыр берсін», — деп көңілін білдірді Оспанов.

Марқұмның әйелі қандай күйде екенін Саматтың жары жақсы түсінеді. Сол қаралы күні Қарағандыда ата-анасының үйінде болыпты.

«Саматтың аман қалғаны үшін Жаратқанға мың алғыс, күйеуімнің әріптесінің туыстарына күш-қуат берсін деп тілеймін», — дейді әйел.


©
Photo : Меруерт Алимова

Самат Оспанов жарымен бірге

Самат қорықшы қызметін әрі қарай жалғастырамын деп отыр. Ал осы уақытқа дейін жанынан бір елі ажырамаған әйелі жібергісі келмейді.

«Ең бастысы жұмыс емес. Өмірдің мәні – отбасың мен бала-шағаң. Жібермеймін. Айып етпессіздер, түсінуге тырысыңыздар», — дейді ол.

Еске сала кетсек, марқұм Қаныш Нұртазинов  І дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Тағы оқыңыз: Қорықшыны өлтірді деген күдікпен әкелі-балалы Арқалық тұрғындары ұсталды

Аурухана дәлізінде тілшілерге сұқбат берген экология министрі ведомствоның қандай шараларды қолға алатынын айтты: заңсыз аңшылық үшін жазаны күшейту, қорықшылардың материалдық базасын нығайту.

«Сонымен қатар қорықшылардың кәсіби дайындығымен айналысамыз. Деңгейін арттыру қажет, ол үшін теория және практика бойынша курс енгіземіз», — деп сөзін түйіндеді Мағзұм Мырзағалиев.


©
Photo : Меруерт Алимова

Экология министрі ауруханада жатқан қорықшы Самат Оспановтың көлін сұрауға келді

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 23 шілдесінде Ақмола облысы Жарқайың ауданында қорықшыларға шабуыл жасады деген браконьерлер ұсталды. Олар – әкелі-балалы Арқалық тұрғындары.



sputniknews.kz