Қайырлы Омар сотта денсаулығының нашарлап кеткеніне шағымданды

0

26 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында өткен сотта «Жер тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайырлы Омар үстінен қозғалған іс бойынша сот процесі жалғасты.

Қайырлы Омар сот отырысы басталысымен денсаулығының нашарлағанына шағымданып, жазаны үй қамаққа ауыстыруды сұрады.

— Мен апта сайын дәрігерлер көмегіне жүгінемін. Тілім күрмеліп, сөйлей алмай қалғанымды былай қойғанда, былтырғы желтоқсаннан бері тісімді емдете алмай келемін. Қан қысымым жоғары, 150130. Бұл туралы дәрігер қортындысы да бар. Бірақ менің денсаулығыма қатысты сотқа жазылған баяндамада бұл туалы бір ауыз сөз жоқ, — деді ол сотта.

Қайырлы Омардың адвокаттары түрмедегі медицина бөлімі мен оқшаулау бөлімінің дәрігерін сотқа шақыруды және тәуелсіз дәрігерден Қайырлы Омарға байланысты түрме дәрігері қойған диагнозға түсініктеме алуды сұрады. Прокурор қарсылық білдіріп, судья Элизавета Атшыбаева бұл өтініштерді әзіге ашық қалдырды.

Бұдан бөлек, сот отырысында Қайырлы Омардың үйін тінтіп, тергеу жүргізген полиция қызметкерінен де жауап алынды.

Бұған дейін 23-24 шілде күнгі сот процестерінде Қайырлы Омар мен оның адвокаттары іске қатысып отырған мемлекеттік айыптаушы Олжас Мейірхановты «қарсы тарапты қолдап отыр» деп айтып, сенімсіздік білдірген еді. Бірақ судья олардың өтінішін қанағаттандырмаған болатын.

Қайырлы Омар «Азат шаңырағы» пәтер иелері коопертивінің төрағасы болып жүргенде «ПИК қаржысын жымқырды» деген күдікпен 2018 жылы 5 шілдеде қамауға алынған. Оның үстінен кооператив қызмет көрсететін үйдің тұрғыны «жөндеуге деп берген ақшамды (4 мың теңге — ред.) ақтамады» деп арыз жазған.

Кейін Омар кепіл қойып, үйқамаққа шыққанымен полиция «Қайырлы Омар үй қамақта болу шартын бұзды» деп былтыр 16 қазанда екі айға тұтқындап, тергеу изоляторына қайта қамады. Одан соң Есіл аудандық №2 соты Қайырлы Омарды қамауда ұстау мерзімін төрт мәрте ұзартқан.

Қайырлы Омар мен оның жақтастары істің саяси себебі бар деп санайды. Қайырлы Омар — бірнеше жылдан бері Қазақстандағы түрлі наразылық шараларына қатысып жүрген белсенді. Оны 2018 жылы мамырда да «бейбiт митинг өткiзу тәртiбiн бұзды» деп айыптап, жеті күнге қамаған.

Azattyq