Тікелей эфирде түкірген депутат «халық өзін қолдап жатқанын» айтты

0

Екібастұздағы халықтың -30 градус аязда жылусыз қалуы басқа өңірдегі ел-жұртты да дүрліктіріп жіберді. ТЭЦ-тегі апат әсерінен сол өңірде төтенше жағдай жарияланды деп хабарлайды Nege.kz тілшісі.

Тоқаев Үкімет басшынына бұл жағдайға кінәлі азаматтарды жауапқа тартып, жекеге өткен энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты тапсырма берді. Ал Екібастұз жұртшылығын қақаған қыста жылусыз қалдырған ТЭЦ қожайыны – олигарх Александр КЛЕБАНОВ.

Жалпы, елдегі 37 жылу орталығының 10-ы ғана мемлекет меншігінде екен. Құқық қорғаушы мен депутаттар осы жағдайға қатысты түйткілдегі ойларын NEGE тілшісіне баяндап берді.

Ерлан САЙЫРОВ, Мәжіліс депутаты:

Халықтан үлкен емеспіз ғой…

– Электр энергетика саласында біздің елімізде үлкен проблемалар бар. Мына магистралдардың тозығының жетуі, ТЭЦ-тарда модернизация жасалмауының барлығы – олигархиялық топтардың бүкіл байлықты суырып алып, соны қайтадан жөндеу жұмыстары салғысы келмегенін білдіреді. Сондықтан Қазақстандағы электр, энергетика саласындағы негізгі акционерлерді халықты осы қиын жағдайға жеткізгені үшін жауапқа тарту керек. Онсыз ештеңе шешілмейді.

Ал Клебановқа қатысты құқық қорғау органдары қазіргі тексеріс нәтижесінде дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін. Бізде біреуден бірнәрсені тартып алу деген мақсат жоқ. Мақсат – халықтың зиян шекпегені. Егер халық зиян шексе, сол жердегі кәсіпорын, акционерлердің тәртібін қарау керек. Жергілікті халықтың энергетика саласына жауапты адамдардың бәріне өкпесі бар. Өйткені олар 30 жыл бойы жұмыс істеп, барлық тарифтерді төлеп келген. Қазір орталық ТЭЦ-тан Екібастұздағы үйлерге жылу берілді. Бірақ жылу мөлшері сондай үлкен емес. Өйткені қысымды 1-2 күнде жөндейді. Содан кейін орнына келу керек.

Тікелей эфирдегі «оқыс жағдайға» қатысты мені сынағаннан гөрі қолдап жатқандар көп. Күн суық болды, аяз болды. Қақаған аязда 5-6 сағат далада жүрудің өзі оңай емес. Сондықтан осындай бір әбестік кетті. Халықтан кешірім сұрадым. Халықтан үлкен емеспіз ғой.

Ал Екібастұзға барар жолда түскен суретті «фотоотчет» деп сынап жатқандарға айтарым, біз «Аманат» партиясының атынан барғандықтан халыққа есеп беру үшін түскен едік.

Арман ҚОЖАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:

Бәрін жауапқа тарту керек! Клебановты да айтып тұрмын!

– Қазір Екібастұзда мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Меніңше, олардың берер есебін күту керек. Комиссия бар жағынан қарап, сосын пікірін айтады ғой.

Әрине, егер кінәлі болса, осы жағдайға әкелген барлық азаматты жауапқа тарту керек. Әкімшілік болсын, жекеменшік акционер болсын, бәрібір.

ТЭЦ акционері Клебанов қой. Соны да айтып тұрмын. Егер кінәлі болса міндетті түрде жауапқа тартылуы тиіс. Оған толықтай келісемін.

Марат БӘШІМОВ, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптама интитутының директоры:

Қыс ортасында жылу тоқтап қалғанына күлкім келеді

– Екібастұзда болған апатты естіген кезімде есіме бір жағдай түсті. Анам бұрын Көкшетауда тұрған. 1993 жылдары сол жақта осындай апат болды. Ол кезде Кеңес одағынан соң бәрі тұрып қалып, Көкшетаудың да құлдырап жатқан кезі. Тәуелсіздік алғанымызға қанша болды?! 30 жылдан асты иә?

Сонда да ТЭЦ жарылып, қыс ортасында жылу тоқтап қалғанына күлкім келеді. Қалай сонда?

Екібастұзды, Павлодарды өнеркәсіптік аймақ дейміз ғой. Демек, осының бәрі – экс-саяси жүйенің, экс-режимнің «нәтижесі». Сол үшін де бүкіл энергетикалық нысандарды мемлекетке қайтару керек дегенді мен қолдаймын. Жекеге өтіп кеткеннің бәрін. Бірақ бұл мәселе жаздан бастап айтылды ғой. Оны ешкім қадағалаған жоқ. Дер кезінде дұрыс көңіл бөлмегені үшін Энергетика министрлігін де жауапқа тарту қажет.