Тик-токта қазақ тілін «мәмбеттердің тілі» деп атаған алматылық сотталып кетті
Алматы соты әлеуметтік желіде қазақ тіліне қатысты жағымсыз пікір білдірген азаматты 2 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға 2023 жылдың қазан айында болған. 21 жастағы Элина Лю Тик-Токта тікелей эфирде отырғанда жазылушылардың бірі оның ұлты, діні туралы сұрап, балағат сөздерді пайдаланып, қазақ тілінде сөйлеуді талап етеді. Ал Лю қазақ тілін ұнатпайтынын айтады. Өйткені ол «ауылдан келген мәмбеттер ғана сөйлейтін балағат сөз» дейді. Сондай-ақ, ол Алматыдағы кептелістерге байланысты келушілерді ұнатпайтынын ашық айтады.
Эфир жазбасы интернетте тарап кеткен. Әлеуметтік желіні бақылайтын жедел уәкіл жазбадан алауыздықты қоздыру белгілерін анықтаған.
Сарапшы Лю сөздерінде «қазақ ұлтының адамдарына төзбеушілік» және «қазақ ұлтының тілдік белгісі бойынша менсінбейтін бағасы» бар деген қорытындыға келді.
Сотталушы не деді?
Сотта бойжеткен мемлекеттік тілді білмегендіктен желі қолданушылары оның Қазақстаннан кетуін талап еткенін мәлімдеді. Сондықтан өзінің «арандатушылыққа бой алдырғанын» түсіндірді. Сотталушы кінәсін мойындамады. Тек осы әрекеті арқылы өзіне жағымсыз пікір жазғандардың «намысына тигісі келгенін» айтты. Ал «жағымсыз тіл» деп қазақ тіліндегі балағат сөздерді меңзегенін айтты.
Үкім
«Сот Людің кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келді: ол ұлтаралық алауыздықты қоздырумен, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаумен айналысты… Людің сөздері Қазақстан Республикасының азаматтарының азаматтық және саяси деструктивті көзқарастарын дамытады», — делінген үкімде.
Сот оны ұлттық араздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп тауып, ең төменгі қауіпсіздік колониясына екі жылға соттады. Бойжеткен сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.