Тереза Мэй отставкаға кететінін мәлімдеді

0

Ұлыбританияның премьер-министрі, консервативтік партия жетекшісі Тереза Мэй отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол консервативтік партия жетекшілігінен 7 маусымда кететінін айтты.

24 мамырда үкімет резиденциясында сөйлеген Мэй елді Еуроодақтан шығару тәртібіне байланысты қауымдар палатасымен келісе алмай қойғанын айтты.

2016 жылы ел премьер-министрі болған Тереза Мэй елді Еуроодақтан шығару бойынша келісімге қатысты бұған дейін жиі сыналған. Келісімді сынаушылардың айтуынша, сауда, көші-қон, шекара мәселелері бойынша құжаттағы шарттар Ұлыбританияның мүддесіне қайшы келеді.

2019 жылы наурыз айында Ұлыбритания парламенті елді одақтан шығару шарттары жазылған Мэй келісімін үшінші рет мақұлдамай тастады.

«Халықтың тілегін орындау үшін бар күшімді салдым. Өкінішке қарай мұны орындай алмадым» деді отставка жайлы мәлімдеме жасаған Тереза Мэй.

Ол Брекзит бойынша келіссөздердің сәтті болмауына Ұлыбритания парламенттін кінәлап, оның Еуроодақпен ымыраға келуден бас тартқанын айтты.

«Ымыраға келу — бұл соншалықты жаман сөз емес. Адамдар өмірі соған тәуелді. Мен жуырда қызметімнен кетемін. Бірақ өзім жақсы көретін елдің соңғы әйел премьер-министрі емеспін» деді Мэй. Ол сөзінің соңында кемсеңдеп, көзіне жас алған.

Azattyq