Қарағандылық кәсіпкер құмырсқа сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр

0

Бала кезінде құмырсқалары қаптаған илеуге қызығып, жәндіктердің өміріне көңіл бөлмеген адам кемде кем шығар. Ал кішкентай күнінен бастап жануар атаулының барлығын жақсы көріп өскен қарағандылық кәсіпкер Михаил Кочаль бала арманын өмірімен байланыстырып, қазір Қазақстанда формикарийді немесе «құмырсқалар фермасын» сататын бірінші адамға айналды. Құмырсқаларды сатып байып кетуге бола ма, жәндіктерді кім және не үшін алады – Stan.kz тілшісінің сұхбатынан оқи аласыздар. 

«Бала күнімде пластик бөтелкелерді қиып, бөлшектерінен бөлме, ал түтікшелерден дәліз жасап, құмырсқалар үшін кішкентай үйшік құрастыратынмын.

Сосын оның ішіне  ақырындап жәндіктерді кіргізетінмін. Баламын ғой, құмырсқалар үшін мінсіз үй жасап бермесем де, қуанышымда шек болмайтын. Өзімді әрдайым жетіліп, дамып отыратын кішігірім әлемнің бөлшегі сезінетінмін. Уақыт өте келе достарым да ермегіме қызығып, мен секілді құмырсқаларға қолдан колониялар жасай бастады.

Бір-бірімізге қарамағымыздағы тіршілік иелері қалай өмір сүріп жатқанын, қалай дамып жатқанын айтып беруге асығушы едік. Қызғылт-қоңыр, қызыл түсті әртүрлі құмырсқаларға қызығып, олардың арасында ең мықтысы кім екенін анықтау үшін гладиаторлық шайқастарды да өткізіп жүрдік», — дейді ол. 

Балалық шақтан бастау алып, студенттік шақта жалғасын тапқан оқиға бүгінгі күні ерекше кәсіптің пайда болып, алға жылжуына түрткі болған. 

«Студенттік шағымда ағылшын тілінде жетік сөйлеп кету мақсатында шетелдік сайттарға кіріп жүріп, құмырсқалардың фермасы жайлы ақпаратқа тап болдым. Акрилден жасалған бірнеше дәліздері бар түрлі-түсті, түрлі пішінді формикарийлермен танысқанда, бала күнімде жасаған үйшіктерім есіме түсті. «Құмырсқаларға неге ферма жасамасқа?» — дедім де, арманымды орындау үшін ойымды құптаған достарыммен бірге осы кәсіпті бастап кеттім.

Қазақстанда бізге дейін құмырсқалар фермасын жасаумен ешкім айналыспаған, осы іске біздің топ секілді өзгелері қызығушылық танытпады деп айта аламын. 

Біз формикарийді жасағанда бірінші кезекте жәндіктердің қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлеміз. Фермада құмырсқа өзін табиғи ортадағыдай жайлы сезінуі үшін барлық жағдайлар жасалған. Мысалы, фермада жәндіктердің қозғалысын шектемейтін бірнеше дәліздер бар. Құмырсқалар қажеттіліктеріне байланысты әр дәлізге “бөлмелер” салады.

Оларға қоректерді сақтауға арналған қойма, қоқыс тастайтын жер, ана жұмыртқалары сақталатын “бөлме” керек. Жұмыртқаларды сарбаздар, күзетшілер қорғап тұрады. Жалпы, бұл жәндіктердің белсенді өмірін бақылаймын деген адамның іші пыспайды.

Олардың отарында әлі өсіп жетілмеген құмырсқаларға қарайтын «бала күтушіден» илеуді күзетіп, өсімдіктердің дәндерін үгітетін үлкен басты құмырсқалар болады. Құмырсқалардың топталып жүріп, қорек тапқанын, кастаға бөлінгенін бақылаудың өзі өте қызық.

Әрі ферманы үйде ұстау, оның тұрғындарына күтім жасау қатты қиын емес. Тек бірнеше талаптарды біліп, орындап жүрген жөн. Мысалы, жылуды жақсы көретін құмырсқалар төмен температураны көтермейді. Олар қыстауды қажет етпейді, бірақ бірнеше айға ферманың жылуын өшіріп, артық коректері болуы үшін дәндермен тамақтандыруды тоқтата тұру керек. Сондай-ақ құмырсқаларға сироп беріп уландырып алғандар бар. Жәндіктерге сироп берсеңіз, түгелімен қырылып қалуы мүмкін, — дейді Михаил Кочаль.

Кейіпкеріміздің сөзінше, құмырсқаның адам тәрбиесіне, әсіресе бала тәрбиесіне берері зор. Жәндіктің тіршілігін бақылау арқылы баланың жауапкершілігі артады, құмырсқаға деген сүйіспеншілігінің арқасында балалық шағы нәзіктік пен жылылыққа толады. 

Сыйымдылығы 1500 және 2000 құмырсқаға дейін жететін фермалар 25-30 мың теңге, ал ішіне 700 құмырсқа сиятын пішіні кішіректеу формикарийлер 20 мың теңге тұрады. Михаил Кочальдың сөзінше, мұндай фермаларды ата-аналары балаларына алып береді. Құмырсқаларға қызығып, формикарийлерді үйлерімен, кеңселеріне алатындар аз емес. 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз