Теңіздегі ереуіл кезінде 30 адам зардап шеккен

0
133

Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз жұмысшылар кентінде болған ереуіл кезінде 30 адам зардап шеккен. Бұл ақпаратты Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің хабарлауынша, 29 маусымда түстен кейін «наразылыққа шыққан» жұмысшылармен Атырау облысының бірінші орынбасары Серік Шәпкенов кездескен. Кездесу кезінде «тұрмыстық жанжалды ушықтыруға болмайтыны», «кеніштегі еңбекті ұйымдастыру мәселелері» талқыланған. Оқиғаға байланысты ведомствоаралық комиссия құрылып, оған «Теңізшевройл» мен оған қарайтын мердігер мекеме Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore (CCEP) өкілдері кіретіні айтылған.

Әкімдіктің хабарлауынша, жұмысшылар тараған, жағдай тұрақтанған. Билік бұған дейін әлеуметтік желіде тараған «оқиғадан бір адам қаза тапты» деген ақпаратты жоққа шығарған.

«ТШО медициналық бөлімшесінде 30 адамға медициналық көмек берілді. Қазір олардың өміріне қауіп жоқ. Қаза тапқандар жоқ» деді әкімдік өкілдері.

Бұған дейін әлеуметтік желіде «Теңіз кенішінде болған оқиға» делінген бірнеше видео тараған еді. Онда CCEP деген жазуы бар ашық жасыл, сары түсті униформа киген жұмысшылардың бірнеше азаматты ұрып-соққаны туралы көрініс бар. Видеодан соққыға жығылған азаматтардың қансырағаны да көрінеді. Кейіннен кемінде мың адамның ереуілге шыққаны хабарланды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, CCEP жұмысшылары 29 маусымда таңертеңгі сағат 11-де наразылыққа шыққан. Оған WhatsApp-та тараған сурет түрткі болған.

«[Жұмысшылар] Ливия азаматы Eli Daoud-тың WhatsApp-та жариялаған қызбен бірге түскен суретіне наразы болған. Оның қолында рация болған, ал оның антеннасы қыз жаққа қарай бағытталып тұрған» делінген әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Азаттық тілшісі сөйлескен аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі «жұмысшылардың көптен бері жұмыстағы [жергілікті және шетел жұмысшылары арасындағы] теңсіздікке байланысты ызыланып жүргенін», «WhatsApp-тағы суреттен кейін шыдамай наразылыққа шыққанын» айтты. Наразылыққа шыққан адамдар санына байланысты әртүрлі дерек (мың мен 15 мың арасында) айтылады.

Атырау облыстық полицияны жағдайды зерттеп жатқанын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Теңізде не болды?

Azattyq