Теңізде құстар ұя салған көліктердің жұмысы уақытша тоқтатылды

0

Атырау облысындағы Теңіз кен орнында компаниялардың бірі құстар ұя салған көліктерді өз еркімен уақытша пайдаланбауды ұйғарды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерде арнайы баумен қоршалған үш пикаптың видеосы пайда болды. Көліктердің бірінің әйнегінде бұл «құстардың ұя салу аймағы» деген ескерту жабыстырылған.

«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі ақпаратты растады.

«Теңізде көлік тұрағында үш ұя табылды. ТШО-ның биоәртүрлілігін басқару процедурасына сәйкес орнитолог тексеру жүргізіп, бір ұя инкубацияның белсенді сатысында екенін анықтады. Автокөліктердің жұмысы балапандар ұядан ұшқанға дейін кем дегенде 14 күнге тоқтатылады», — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметіндегілер.

Компания өкілдері ұяларды орнитолог үнемі бақылап жүретінін атап өтті.