Теңгенің қазіргі бағамы қандай

0
18

Экономика

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Өткен аптаның соңында теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 426,44 теңге болған. Ал дүйсенбі күні WTI маркалы мұнайдың әлемдік бағасы минус 40 долларға дейін түсті

НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Қазақстан қор биржасында (KASE) күндізгі сауда-саттық өтті. Соның негізінде алдағы демалыс күндері теңгенің бағамы бекітіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бір аптаның ішіне бес теңгеге күшейді

Бүгінгі сауда-саттықтың қорытындысы бойынша теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 430,99 теңгені құрады. Осылайша, бір күннің ішінде ұлттық валюта 1,25 теңгеге күшейді. Енді, осы бағам алдағы демалыста – 25-27 сәуір күндері Ұлттық банктің ресми бағамы болады.

Айта кетейік, өткен аптаның соңында теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 426,44 теңге болған. Ал дүйсенбі күні WTI маркалы мұнайдың әлемдік бағасы минус 40 долларға дейін кетіп қалды. Оның артынан Brent маркалы мұнай да арзандап, 17 доллардан төмен түскен. Сол кезде теңгенің ресми бағамы бір доллар үшін 435,82 теңге болды. Бүгінгі сауда-сатықтан кейін ұлттық валюта бір аптаның ішінде бес теңгеге күшейіп отыр.

Қазіргі кезде үкіметтің шешімімен Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент сияқты ірі қалаларында валюта айырбастау пунктерінің жұмысы тоқтатылды. Kurs.kz сайтының ақпараты бойынша Талдықорған, Қостанай мен Тараз да валютаны айырбастап жатқан жоқ. Ал Риддерде бір долларды 434 теңгеге сатуда, сатып алу бағасы – 429 теңге.

Екінші деңгейлі банктерде долларды сатып алу бағасы 430-432 теңге болса, сатудың бағасы 436-437 теңгенің айналасында.

Мұнайдың бағасы не болып жатыр?

Осы аптаның басында мұнайдың әлемдік бағасы күрт құлдырап кеткен. Бірақ бір күннен кейін біртіндеп көтеріле бастады. Оған бірқатар мемлекеттердің мұнай өндіруді қысқарту туралы мәлімдемесі мен Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс те әсер етті. Мәселен, кеше Алжир ОПЕК+ елдерін мұнай өндіру көлемін шұғыл қысқартаныны ескертті. Ал KUNA ақпараттық агенттігі Кувейттің ОПЕК+ келісімі күшіне енгенге дейін мұнай сатуды азайтқанын хабарлады.

Бүгін таңертең Brent маркалы мұнайдың маусым айындағы фьючерстері 4,5 процентке өсіп,  бір баррелі үшін 22,29 долларға дейін көтерілген. Ал WTI-дің бір баррелі 17,41 долларға жетті.

Айта кеткен жөн, 12 сәуірде ОПЕК+ елдері мамыр айынан бастап мұнай өндіруді күніне 9,7 миллион баррельге дейін қысқартуға келіскен болатын. Жылдың екіншісі жартысында ұйымға мүше мемлекеттер күніне 7,7 миллион баррельді азайтса,  2020 жылы сәуірдің аяғына дейін 5,8 миллион баррельді қысқартатын болады.

Мұнай тарихында бұл ең үлкен қысқарту болып саналады. Қазақстан да осы келісімге қосылып, күн сайын мұнай өндіруді 390 мың баррельге қысқартуға келісті.



sputniknews.kz