Теміртауда баланы тұншықтырған балабақша тәрбиешісіне үкім шықты
Зардап шеккен баланың анасы сот үкімі тым жеңіл деп санайды – сәбиді тұншықтырған әйел қаласа кейін тағы балалармен жұмыс істей алады
АСТАНА, 15 қараша — Sputnik. Қарағандыда балаға зорлық-зомбылық көрсетіп, ұйықтатпақ болған балабақша тәрбиешісі 50 жастағы Үміт Пірмехонованың соты аяқталды. Бейсенбі күні үкім шықты, деп хабарлайды «Первый канал. Евразия».
Биыл тамыз айында балабақша тәрбиешісінің айғайлап, дауысы қарлығып қалған сәбидің бетін көрпемен жауып, бар күшімен басып отырғаны түсірілген жантүршігерлік видео жарияланған еді. Белгілі болғандай, оқиға Теміртаудағы балабақшалардың бірінде болыпты. Әйелдің өзі түсіндіруінше, екі жасар қызды осылай тыныштандырып, ұйықтатпақ болған екен. Бұл видео сотта көрсетілді.
Қыздың анасы Анна Баркалаяның сөзіне сүйенсек, бала әлі күнге дейін түнде дұрыс ұйықтай алмай, айғайлатын көрінеді. Қазір екінші сәбиіне аяғы ауыр әйел отбасының моральдық шығынын 2 миллион теңгеге бағалады.
Балабақша тәрбиешісі сотта кінәсін мойындап, «қалай болғанын өзім де білмей қалдым» деп кешірім сұрады. Ал балабақша басшысы бірде-бір рет сот отырысына қатыспаған.
Балабақшадағы қырғын: әйел 14 сәбиді пышақтап тастады
Сот әйелді айыпты деп танып, 120 сағат қоғамдық жұмыс істеу жазасына кесті, сонымен бірге кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс істеуіне үш жылға тыйым салынған. Ал жәбірленуші тарап сұрап отырған моральдық шығын көлемі он есе қысқартылды. Бұған наразы ана қызының басынан кешкен сұмдық жайт бүкіл өміріне жағымсыз әсер ете ме деп қорқады.
Психологтар баланың психикасына зақым келгенін растады. Балабақшаға баратын балалардың ата-аналары да олардың мінез-құлқынан өзгеріс байқапты.