Темір Мыңжас, ақын: Бірліктің отанына айналдық

0

– Биыл еліміз үшін көптеген жаңа жолдар ашылды, ерекше өзгерістерді көрдік. Мемлекет халықтың келешегіне баса мән беруде. Жыл басынан бері жалпыхалықтық референдум арқылы Конституциямызды нығайтып алдық. Қыркүйекте маңызды Жолдау болды. Оның өзегі – жастар екенін байқадық. Балалар мен аналарға баса назар аударылды. Өйткені ел болашағы – өскелең ұрпақта. Барша адамзаттың талабы – баласын оқыту, тәрбие беріп, елге пайдасы тиетін жұмыс істету. Бір жылын ойлаған адам егін егеді, он жылын ойлаған адам ағаш отырғызады, ал болашағын ойлаған ұлт ұрпақ өсіреді. Егер осы талап орындалса, еліміздің өркендейтіні айдан анық.

Таяуда Қазақстанға Рим Папасы келді. Адамзат аузына қараған тұлғаның жерімізге қадам басып, бейбітшілік жөнінде, ынтымақ жайлы толғанысқа толы ойын айтқаны – керемет. Бірнеше этностың басын құрап, бәрін тең көріп, бірліктің нышанына айналған мемлекетіміздің берекелі жолы екінің біріне бұйырмаған. Әйтпесе шекараның сыртындағы солтүстігіміз бен оңтүстігіміздегі елдердің не болып жатқанын байқадық қой. Кей кезде батыс пен күнгей жақтағыларды да бір шулап қояды. Міне, осындай қиын тұста тұрғанына қарамастан еліміз ауызбіршілігін сақтап отырғанын мақтана айтуға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоақевтың дипломатиялық қадамдары жемісін беруде. Күні кеше тағы оннан астам елдің басшысы жерімізге табан тіреп, алаңдап отырған дүниелерін талқыға салды. Бірлесіп шешпекке ниет қылды. Неге басқа емес, біздің елді таңдады? Өйткені мемлекетіміз араздасқанды татуластыратын, қиналғанға көмегін беретін бірліктің отаны саналады. Осындай бағымызды жоғалтып алмай, елдің өркендеуіне әрқайсысымыз бір кісідей ат салыса бергеніміз абзал.