Тәжікстаннан кетіп қалған журналист Мирсаидов сырттай сотталды

0

Тәжікстандық журналист Хайрулло Мирсаидов елден кетіп қалғаны үшін сырттай сегіз айға сотталды.

Худжанд қалалық соты Мирсаидовты елден шықпау туралы сот шешімін бұзды деп таныды. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Хайрулло Мирсаидовқа қатысты сот үкімі 11 қаңтарда шығарылды. Журналистің адвокаты ​Бахтиёр Насруллоев сот үкім шығарғанын растады. Оның айтуынша, журналист шетелге емделуге кеткен.

​»Мен сотта Хайрулло Мирсаидовтың емделуге кеткенін айттым. Соғды облыстық сот орындаушысы мұндай жауапты қабылдамады. Олар журналист ешкімді ескертпей кетті деп отыр» деді адвокат.

Насруллоевтың айтуынша, сот журналиске кесілген екі жыл қоғамдық жұмыс атқару жазасын сегіз ай қамауға алу жазасымен алмастырған.

Худжанд соты былтыр 11 шілдеде Хайрулло Мирсаидовты мемлекет қаражатын талан-таражға салды, құжаттарды қолдан жасады деп айыптап, 12 жылға соттаған. Сот үкімі шыққан соң Мирсаидов отбасы мемлекетке 124 мың сомони (13 мың доллар) төлеген. Одан соң журналистің адвокаттары істің облыстық сотта қайта қаралуын талап еткен.

Былтыр 22 тамызда Соғды облыстық сотының алқасы Мирсаидовты сот залынан босатқан. Сот оны бас бостандығынан айыру жазасын айыппұл төлеу және екі жыл қоғамдық жұмыс атқару жазасымен алмастырған. Сот сонымен қатар Мирсаидовты Худжанд қаласынан кетпеуге және жалақысының 20 пайызын бюджетке төлеп отыруға міндеттеген.

Дереккөз: Азаттық