Тауарлық газдың бағалары 6-15%-ға төмендейді — Қ. Бозымбаев

0

«Елбасының биылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмаларын Энергетика министрлігі орындайды», — деп баяндады Қ. Бозымбаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына арналған шекті тарифтерінің объективті деңгейі белгіленетін болады.

«2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр қуатының нарығы енгізілген соң электр энергиясын өндіру секторы үшін жаңа тарифтік әдіснама қолданылады», — деді Қ. Бозымбаев.

Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының құны қуат тарифі және электр энергиясына тариф ретінде бөлінетін болады. Министрлік екі компоненттің (қуат бағасы мен электр энергиясының бағасы) қосындысы бойынша электр станциялары үшін электр энергиясына бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдайды.

«Бүгінгі таңда негізгі электр станцияларын тексеру бойынша Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс аяқталды. Энергетика министрлігінде кесте бекітіліп, барлық энергия өндіруші ұйымдарды тыңдау басталды. Аталған жұмысты биылғы 20 қарашаға дейін аяқтаймыз. Осы айдың соңына дейін тиісті бұйрық қабылдануы тиіс», — деді министр.

Электр энергиясына объективті шекті тарифтерді белгілеу энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

Министр энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын өзгертуінің негізінде, табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган (Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті) түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендету бойынша шаралар қабылдауы тиіс екенін айтты.

Бұдан өзге, энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына тарифтерін төмендету мақсатында Энергетика министрлігі Бұйрық жобасын әзірледі. Бұл жобада тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын төмендету көзделген.

«Біздің бағалауымыз бойынша, көтерме сауда бағасын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмендету − тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр станциялары үшін 6-15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Бұйрықты осы жылдың қараша айының соңында бекіту жоспарланған», — деді министр.

Энергетика министрлігінің газға көтерме сауда бағаларын төмендету негізінде, Табиғи монополияларды реттеу комитеті тиісті бұйрықтар қабылдап, электр станциялары үшін газ бағасын төмендетуі тиіс.

Электр энергиясы мен тауарлық газ бағаларын төмендетуге бағытталған шаралар 2018 жылғы қараша айының соңына дейін Министрліктің тиісті Бұйрығы ретінде бекітіледі. Аталған Бұйрық 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.