Ташкентте «Ресей тыңшысы» деп айыпталғандардың соты басталды

0

Ташкентте Өзбекстан президенті жанындағы стратегиялық және аймақаралық зерттеу институтының бұрынғы директоры Рафик Сайфулиннің үстінен қозғалған іс бойынша жабық сот процесі басталды. Оған Ресейдің мүддесіне тыңшылық жасап, мемлекеттік құпияны жарияланған деген айып тағылған. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы хабарлады.

Бұл іс бойынша Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен қорғаныс министрлігінің он шақты қызметкеріне де айып тағылған. Олардың арасында Өзбекстан қарулы күштері бірлескен штабы басқармасының бастығы Акбар Ярбабаев та бар.

Аты-жөнін атамауды өтінген Өзбекстан күш құрылымы өкілі Озодлик радиосына бұл іс бойынша сотталып жатқандарға былтыр тұтқындалған Өзбекстан қорғаныс министрлігінің «Ватанпарвар» («Патриот») газетінің тілшісі, отставкадағы подполковник Владимир Калошиндікімен ұқсас айыптар тағылғанын айтты. Калошинді «мемлекеттік құпияны жариялады» деген айыптаған еді.

Айып тағылған азаматтардың танитын бір адам «олар құпия ақпарат мен құжаттарды емес, талдау қорытындыларын» берген дейді.

Озодлик тілшісі тұтқындалған әскерилердің адвокаттарына телефон шалды. Бірақ олар бұл іс бойынша сот процесінің жабық өтіп жатқанын алға тартып, комментарий беруден бас тартты.

Бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы ақпанның басында Өзбекстан әскери сотында өткен еді. Кейін ғимараттағы жөндеу жұмыстарына байланысты сот тыңдауын қылмыстық істер жөніндегі сот ғимаратына ауыстырған. Сот оларды айыпты деп таныса, бұл азаматтар 20 жылға дейін бостандығынан айрылуы мүмкін.

Совет кезінде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде (КГБ) жұмыс істеген Рафик Сайфулин Өзбекстан тәуелсіздігін алғаннан кейін болжау және статистика жөніндегі мемлекеттік комитетте қызмет атқарған. Кейін Өзбекстан президенті жанындағы стратегиялық және аймақаралық зерттеу институтының директоры болып істеген. Оны білетіндердің айтуына қарағанда, Сайфулин Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Рустам Иноятовқа жақын адамдардың бірі болған. Талдау мақалаларында Өзбекстан Ресеймен жақын болғаны дұрыс деп жазған.

Ресейдегі Качинск жоғары ұшқыштар мектебінің түлегі Акбар Ярбабаев Өзбекстан қарулы күштері құрамында 1993 жылдан бастап жұмыс істеген. 2006 жылы сол кездегі ел президенті Ислам Каримов оны «Шон-Шараф» («Даңқ») орденімен марапаттаған. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұратын туысы Алексейдің айтуынша, Ярбабаевты әйелі екеуін былтыр шілде айында ұстаған.

2016 жылы Өзбекстанда билік басына президент Шавкат Мирзияев келгеннен кейін елде күш құрылымдарының бірнеше жоғары лауазымды қызметкері әртүрлі бап бойынша сотталған. Олардың арасында Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы Ихтиёр Абдуллаев, бұрынғы бас прокурор Рашид Қадыров, орта деңгейдегі жетекші қызметкерлер және Жоғарғы сот төрағасының бұрынғы орынбасары бар.

Azattyq