Тарихты түгендеп, ұлттық рухты оятатын мақала

0

Үстінен ұшқан құстың қанаты талған, жүгірген аңның тұяғы тозған бабалардан қалған Ұлы Даланың  тарихымен таныстырып, руханиятты сақтауға арналған алты жобаны ұсынып отыр.

Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр көлемінде үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт-бағдар алып отырмыз.

«Мәдени мұра» —  ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» — ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды. Ал, мына  «Ұлы даланың жеті қыры» — ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат болғалы тұр.

Мақала «Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың» арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрылығындағы саяси және экономикалық тарихтың бастамасын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді», — дейді.

Енді осы мақаланы      алға ұстай отырып, Қазақстан тарихын тереңдетіп қайта жазуға болады. Кеңестік тоталитарлық жүйеде бізге ұлықтар мен байларды жаман етіп көрсетіп, батырларымызды балағаттап, арғы тегімізді теріс етіп оқытты.

Егемен ел болып, ес жиғалы ғана өткенімізді түгендеп, тегімізді танып келеміз. Осы бабаларды іздеу мен тек тану барысында жіберіп жатқан қателіктеріміз де баршылық. Әр ру өз бабасын батыр етіп көрсетіп, өз атасын ақылман деп, ақсүйек пен қарасүйекке, қожа мен қараға бөліне бастағанымыз да шындық. Енді Мемлекет Басшысы айтқандай: «тарихи сананы жаңғыртып, көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізіп, терең зерделеу қажет». Әлемнің бүкіл архивтеріндегі өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатқан шындықтарға із салу керек. Соған жол бастайтын «Архив — 2025»жеті жылдық бағдарламасы болмақ.

Мақаланың алғашқы жеті тарауында бабаларымыздың өз заманында жеткен жетістіктері мен технологиялық жаңалықтарын жіліктеп түсіндіріп, құйма құлаққа құйып, көкірегінде көзі барға көрсетіп,  бүгінгінің саналы ұрпағына ұқтырып отыр. Ең аяғы – Сиверс алмасы мен Регель қызғалдағының тарихи Отаны – Қазақстан екенін дәлелдейді.

Қазақ халқының өмір сүру дағдысы, тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы білу, соны сақтап кейінгіге үйрету ұрпақтарының парызы. Ашқан жаңалықтарын, жеткен жетістіктерін кейінгіге аманаттап кетеді. Сол аманатты Елбасымыз Түркі әлемінің бесігі — Тәуелсіз Қазақстанның жастарына «Жастар жылын» жариялай отырып, шыққан тектерімен таныстырған мақала жолдап отыр. Біздің әлемдегі ешбір ұлттан кем емес екендігімізді дәлелдейді.

Ал, осыны оқыған ұрпақ төл тарихын білуге ұмтылып, тарихи санасы жаңғырып, мақалада айтылған керемет идеяларды қолға алып, жобаларға атсалысатынына сенеміз.

«Ұлы дала есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік фильмдер шығарып тарату ұлтымыздың қаһармандарын өз елімізде ғана насихаттамай, шет елдерге де шығарып, әлем халқымен таныстырады. Келер ұрпақ өзінің арғы тегіндегі ұлт батырларын үлгі тұтып,  өсетін болады.

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның даласынан күллі әлемге тараған түркі халықтарының тарихын тірілтетін «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобада қолға алынбақшы. Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресі өтіп, Түркі халықтарының мәдени күндері жасалмақшы. Тағы бір қуантатыны Түркі халықтарына ортақ туындылардың онлайн кітапханасы ашу да маңызды болып отыр.

Ең негізгісі Ұлы Даланың жеті қырымен таныса отырып, арғы тегімізді түгендеп, тарихымызды жаңғыртып, келер ұрпақ мақтанып айта жүретіндей жобаларды қолға алмақшымыз.

Сәуле ДОСЖАН,

Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері