Тараздағы жанжалдан кейін қылмыстық іс қозғалды

0
10

Шу шыққан білім ошағында қазір жан-жақты тексеріс жүріп жатыр. Себебі, бірнеше мұғалім мектептегі жемқорлық сипатындағы былықтарды жайып салған

НҰР-СҰЛТАН, 29 ақпан – Sputnik. Таразда мектеп мұғалімін жұмыстан қуып, ұстаздардан ақша жинады деп айыпталған директор сот алдында жауап беруі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

№43 мектептің директоры Эльмира Өмірбекованың ісімен жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері айналысып жатыр.

«Жала жабылып отыр. Қатал талап қойғандарға міндетті түрде мұндай жала жабылады. Неге сол кезде ол кісілер сіздерге дер кезінде шағымданбады? Дәл сол сәтте шағымданып, ақпарат құралдарына неге жария қылмады? Қайда қарады сол кезде?», – дейді № 43 мектептің бұрынғы директоры Эльмира Өмірбекова.

Еске сала кетсек, мектептің мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекова жұмыстан негізсіз қуылдым деп байбалам салған еді. Ол бейнеүндеу жолдап, білім және ғылым министрінің назарын аударды. Кейін мұғалім мектепке қайта қабылданды.

Директор қызметтік тексеріс жүргізбеген, әрі қол астындағы маманнан түсініктеме алмаған. Осы екі жағдай Бөрімбекованы кері қайтаруға негіз болыпты. Шу шыққан білім ошағында қазір жан-жақты тексеріс жүріп жатыр. Себебі, бірнеше мұғалім мектептегі жемқорлық сипатындағы былықтарды жайып салған.

Мектептің бұрынғы директоры бүгінге дейін түрлі жаланың көп болғанын айтып отыр. Ол алдағы уақытта заңды өкілімен бірге оларды жоққа шығармақ.

Тағы оқыңыз: Мектептегі былықты жайып салған мұғалім ақыры дегеніне жетті

«Мектеп директорына қатысты қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі, 4-тармағына сәйкес (пара алу) қылмыстық іс қозғалған болатын. Мектеп директоры мұғалімдерден ақша жинағаны айтылып отыр», – деді  Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары  Равиль Төлебаев.



sputniknews.kz