Таразда үй талап еткен әйелдер тұрғын үй басқармасына барды

0

27 қаңтарда Таразда бір топ әйел, көбі жалғызбасты не мүгедек бала бағып отырғандар, қалалық тұрғын үй қатынастары басқармасына барып, баспана мәселесін шешуді талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Жергілікті билікке келген әйелдердің көбі кезекке тұрса да, бірнеше жылдан бері әлі үй ала алмай жүргендерін айтады. Олар көп балалылармен қатар мүгедек баласы барларға және жалғызбасты әйелдерге де баспана талап етеді.

— Мүгедек бала асырап отырмын, қызымның жәрдемақысы дәрісінен артылмайды. Жалдамалы пәтерде тұрғаныма тоғыз жыл болды. 2014 жылдың аяғында баспана кезегіне 5554-болып тұрғанмын. Кезегім әлі келген жоқ. Қазір 4463-болып тұр екенмін. Бізге жатақхана берілуі керек, — дейді Тараз тұрғыны Балнұр Саржанова.

Қалалық тұрғын үй қатынастары басқармасына келген әйелдер үй бөлу кезінде сараптама жүргізетін комиссия мүшелерін және үй бөлінуін бақылауы тиіс «Ақжүніс» қоғамдық қорының мүшелерін ауыстыруды талап етті.

— Жағдайы жоқ, жағдайы мүшкіл адамдарға береміз деп айтады. Ол адамдар үміттеніп, арыз жазып жатыр. Бірақ оларға үй мүлдем берілмейді. Осы үшін «Ақжүніс» қорының төрайымын ауыстырғанын қалаймыз. Комиссия мүшелерінің құрамына қарапайым халықтан екі адамның кіргізгенін сұраймыз, — деді басқармаға келген қала тұрғыны Жаңыл Айболатова.

2019 жылы ақпанда үй өрті кезінде қаза тапқан бес баланың қайғылы оқиғасынан кейін «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамдық қоры құрылған. Жамбыл облысындағы филиалына Жанат Естаева жетекшілік етеді. Басқармаға келгендермен кездескен Естаеваның сөзінше, комиссия мүшелерінің құрамында да қарапайым әйелдер бар. Ол қазір үй бергенде көп балалы отбасыларға басымдық беріліп жатқанын айтады.

— Неге біз көпбалалы аналарға басымдық жасап жатырмыз. Өйткені 7-8 баласы бар аналарға пәтер жалдау қиын. Оларды қожайындары қабылдамайды, балалары шулайды дейді. Мына жерде 9 баласы бар аналар келгенде бір баласы барлар күте тұрса деймін, — деді Жанат Естаева.

Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Нұрбек Молдағының Азаттыққа айтуынша, жалғызбасты әйелдерге, бір-екі бала тәрбиелеп отырған әйелдерге заң бойынша баспана берілмейді.

— Қазір салынып жатқан жатақханалар аса мұқтаж адамдарға беріліп жатыр. Көп балалы аналар бірінші кезекте алып жатыр. Бір-екі баласы бар адамдарға жатақханадан орын берілмейді, — дейді ол.

Үйдің бөлінуін бақылайтын «Ақжүніс» қоғамдық қоры жетекшісі Жанат Естаева қазір облыс әкімдігіне тағы бір жатақхана салу мәселесін ұсыну үшін құжаттар жинап жатқанын айтады. Ол әкімдікке бір-екі баласы бар, мүгедек бала асырап отырған жалғызбасты аналарға бір бөлмелі жатақхана салуды ұсынбақ.

2019 жылы ақпанда Нұр-Сұлтанда уақытша баспанада өрт шығып, бір үйдің бес баласы қаза тапқан. Өрт шыққанда балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмыста болғаны айтылады. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы әйелдер, жалғызбасты әйелдер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартып, баспана мәселесін шешуді талап етіп келеді.

Azattyq