«Тапаншаңды шығар, мен атамын»: Қордайлықтар полицейлермен жаға жыртысып, жерге аунатты — Қазақстан жаңалықтары

0

Жамбыл облысында жергілікті тұрғындар тәртіп сақшыларымен жаға жыртысты. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу тақыланып жатыр. Онда бір топ адам туысын полицейлерге бермеу үшін жанталасқан. Тіпті құзырлы орын өкілдеріне қол жұмсауға дейін барған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.  

полиция

Жергілікті тұрғындар мен құқық қорғау органдарның жаға жыртысы бүгін түс ауа әлеуметтік желіге тарады. Кадрда ырду-дырду, жаға жыртысу. Тәртіп сақшылары әлдебір азаматты көлікке мінгізе алмай, әуреге түсіп жатыр. Ал оны жақындары жібермей, барынша қоғаштап жүр. Тіпті ол үшін құзырлы орын өкіліне қол жұмсауға бар.  

«Тапаншаңды шығар, мен атамын» деген азаматтан осылайша тәртіп сақшысы таяқ жеп тынды. Бір емес, бірнеше мәрте соққы алды. Мұнан кейін де жағдай басылмады. Полицейлер үсті-үстіне келіп жатса да, қарсылық көрсеткендер сабасына түспеді. Керісінше, өрши түсті. Арқаланған азаматтар алдынан шыққанды аяған жоқ. Олар заң өкілдерінің жағасына жабысып, киімін жыртып, жерге әбден аунатты.

Полицейлер ұстауға тиіс азаматты көлікке  салып әкетті ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Құзырлы орын өкілдерінен осы жағдайға қатысты мағлұмат алу мүмкін болмады. Ал бейресми мәліметке сүйенсек, оқиға Қордай ауданында болған. Бірақ қос тараптың неге қақтығысқаны сол күйі белгісіз.

stan.kz