Танымал нумеролог 2019 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұрғанын айтып берді
Бізге адамзат тарихынан ғылымның сандармен тығыз байланысты екені белгілі. Біздің заманымызда олардың адам өміріне әсері, әр перзенттің тағдырындағы орны ашық талқыланып, ғылым ретінде қарастырылады. Қоғамда нумерологияның арқасында өмірге деген көзқарастарын өзгертіп, мақсаттарына жете білген адамдар саны аз емес. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі танымал нумеролог Эльмира Досмадьяровамен байланысып, нумерологияның бал ашудан, ерекшелігін, оның адам өміріне әсерін, бақытсыз сандардың қаупі бар не жоғын, қазақстандықтарды 2019 жылы не күтіп тұрғанын анықтады
Эльмира, өзіңіз жайлы тоқталып өтсеңіз. Нумерологияға қалай келдіңіз?
Нумерологияға деген қызығушылығым 2015 жылы пайда болды. Сол жылы анам нумерологпен кездесіп, өмірінің қандай кезеңінде қандай оқиғаның орын алатынын анықтаған. Анам сол кездесуден алған үлкен эмоцияларымен, білгенімен бөлісті. Осылай менің де нумерологияға қызығушылығым оянды. Анамнан әлгі адамның координаталарын беруін сұрадым, онымен міндетті түрде кездесетінімді айттым. Нумерологпен жүздестім, ол маған батыл, әлсіз тұстарымды айтып берді. Психоматрица бойынша мінездемемді баяндады. Қатты қызықтым. Ол кісіден менің де нумерологияны үйренуге болатынымды білдім. Менің тағдырымда адамдарға көмектесіп, ақпаратты беру жазулы тұр екен.
Дәрігер, психолог, астролог, нумеролог болайын, адамдарға көмектесу керек екенмін. Астрологияға қарағанда мені нумерология көбірек қызықтырды. Мүмкін бірінші мамандығым экономист болғандықтан шығар. Екінші жоғарғы білімімді де бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Сандар әрдайым маған қызықты көрінетін. Нумерологқа барған соң осы ғылымды міндетті түрде зерттеуге тиіс екенімді түсіндім.
Төрт курстан тұратын нумерологтың оқуын оқып шықтым. Нумерология әрдайым ізденісті, оқуды талап ететін ғылым. 2-3 жылдың ішінде де сандар жайлы ғылымды толығымен меңгеріп шықтым деп айту мүмкін емес. Нумерологтар әрдайым ізденісте жүреді, бір-бірімен ақпарат алмасады. Егер адам нумеролог боламын деген шешімге келсе, біріншіден қаржылық табысты емес, өзгелерге көмек, қолдау көрсетуді ойлауы керек. Осылай 2015-2016 жылдары нумеролог ретіндегі қызметімді бастап кеттім.
Нумерологияның бал ашудан, астрологиядан ерекшелігі неде?
Нумерология — сандар ғылымы. Ол сандардың адам тағдырына әсерін зерттейді. Мықты, осал тұстарын анықтайды. Тағдыр графигімен адамның жетістікке жететін, құлдырайтын кезеңдерін білуге болады. Нумерология өзіңіз, күйеуіңіз, балаларыңыз, туысқандарыңыз және басқа жан жайлы көптеген дүниені білуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, нумерологтың көмегіне жүгінген адам қандай проблемалары бар екенін, мінезінің қай тұстары оның дамуына кедергі келтіретінін біліп шығады. Және қандай кезеңде өзіне және денсаулығына күтім жасағаны дұрыс екенін анықтайды. Бұл жерде жан-жақтан келетін қолдаудың бар не жоғын ескеру қажет. Егер қолдауы жақсы болса, адам өзіне деген сенімімен мақсаттарына жете алады.
Кейбір адамдар бал ашуға сенбейді. Алайда, балгерлік Алладан берілетін, адамдарды емдейтін, оларға көмектесетін қабілет. Балгерліктің көмегімен адамның энергиясы арқылы оны не күтіп тұрғанын, неден абай болу керектігін анықтауға болады. Бал ашуға оң көзіммен қараймын. Өйткені, энергетикалық деңгейде емдей алатын мықты адамдар бар.
Ал астрология көбінесе планеталар мен жұлдыздардың адам өміріне әсерін зерттейді.
Нумерология арқылы бақытты отбасын құруға болады ма? Нумерологияның көмегімен өмірді түзеу мүмкін бе?
Әрине. Егер жігіттің немесе қыздың шаңырақ көтергісі келетін адамы болса, олардың энергетикалары, темпераменттері, мінездері бір-біріне сәйкес келетінін не келмейтінін анықтаймыз. Ажырасып кеткендер “мінезіміз сәйкес келмеді” деп айтып жатады. Бұл жай сөз ғана емес. Кейбір жанұяларда біреуі екіншісін басып отырады, немесе энергетикалық тұрғыдан жұқартады. Сандарға сенбейтін адамдар бұның барлығын жоққа шығаруы мүмкін. Себебі, олар өздері де сандардың өмірге әсерін түсіндіре алмайды.
Өмірді түзеу кармалық матрицаның көмегімен жүзеге асады. График құрамыз. Ол арқылы адамның сол мезетте энергиясы немесе күші төмендеп кеткенін анықтаймыз. Сосын адамға бір кезеңде сабырлық танытуға, денсаулықпен айналысуға кеңес береміз немесе белгілі бір мақсаттарға бағыт сілтейміз. Сонымен қатар, сол кезеңде ол көмек сұрауы қажет. Көмексіз бұл тапсырманы ол орындай алмайды.
Елімізді, қазақстандықтарды 2019 жылы не күтіп тұр?
Жаңа жыл саны — 3. Бұл Юпитердің, яғни жетістік планетасының саны. Кармалық қарыздары жоқ, көптеген қазақстандықтар үшін ол табысты, қаражатпен толыққан жыл болмақ. Жалғыз басты адамдарды ыстық махаббат күтіп тұр. Ал 2019 жылы шаңырақ көтергендердің некесі бақытты болады. Жаңа жылда ұзақ уақыт бойы бала күткен жанұяларға қуаныш келеді. 2019 жылдың сұрапылы — от. Егер сізге өмірлік күш-қуат жетіспесе, өзіңіздің айналаңызды қызыл, сары, сарғылт түстермен қоршаңыз. Үш санының сиқырлы фигурасы — үшбұрыш.
Ол ортақ жұмыстың, жұдырықтай жұмылған күшті бір бүтінге айналдырудың символы. Келе жатқан жыл Қазақстан үшін тыныш болмақ. 2019 істерді ақыл таразысына салып, ойлану үшін қолайлы. Жоспарларыңызды белгілі бір жұмыстармен байланыстыруды көздеңіз. Осы өмірден не қажет екенін, қайда барғыңыз келетінін түсініңіз. Сонымен қатар, жаңа жыл білім деңгейін көтеруге, метофизикалық қабілеттерді арттыруға арналған. Қазақстан үшін 2019 білім мен серіктестіктің жылы. Елімізде қатты өзгерістер орын алмайды. Доллар мен рубль өскен күйінде өсе береді, ал теңге өз деңгейінде қалады.
Кармалық қарыз деп айтып қалдыңыз. Соған тоқталып өтсеңіз.
Кармалық сан деп өткен өмірден белгілі бір ақпаратты алып келетін санды айтамыз. Нумерология бойынша адамның 15 өмірі болады. Және олардың әрқайсысы адамның болашақ өміріне әсер етеді. Егер өткен өмірден қарыз қалып қойса, ол болашақта көрінісін табады. Сондықтан адам осы өмірінде қарызынан құтылуы керек. Кармалық қарыз дегеннің не екенін түсінбейтін қарапайым адам оны өтей алмайды деп ойлаймын. Ол бұрынғыдай бір қалыпты өмір сүре береді. Өмірін өзгертуге талпынбайды. Ал нумерологтың көмегіне жүгінген адам ол үшін мысалы, 2019 немесе 2020 жылдың кармалық екенін түсінеді. Өз қарызын сол уақытта өтеуі керек екенін біледі.
Сандарды “бақытты”, “бақытсыз” деп бөліп жататындар бар. Мысалы, Қытайда 4, Еуропада 13 деген саннан қорқады. Бұл тек жай ғана сенім бе, әлде осы сандар расында адам өміріне кесірін тигізеді ме?
4 саны қытайлықтарда шаршымен ассоцияцияланады. Сондықтан олар бұл санды жақсы көрмейді. Ал қазақстандықтар үшін 4 саны тұрақтылықты білдіреді. Осыдан нумерологиядағы сан әрбір адам үшін аса бір қауіпті төндірмейді деп айта аламыз. Себебі, олардың әр адамзаттың өміріндегі рөлі ерекше. Индивудуалды.
Қазақта 7, 8 сандары киелі саналады. Нумерологияда да солай ма?
Жағдайға байланысты. Мысалы, ақшалық нумерологияда 4, 6, 8, 9 сандары табысты саналады. Жеті санын барлығы жақсы көреді. Оның адам өміріне әсері де индивидуалды. Әр адамның өзіндік бақытты саны бар. Ал сегіз саны шексіздікті білдіреді. Егер адам мысалға 888 сандары бар нөмірді сатып алса, соған кетірген ақшаны қайта табуға ұзақ уақыт жұмсайтын болады.
Сұхбат басында тағдырымда адамдарға көмектесу жазулы тұр деп едіңіз. Нумеролог ретінде көмектесе алмайтын кездер болады ма?
Қатты ауруға қатысты жағдайлар болды. Емі жоқ ауруға шалдығып көмек сұрағандар кездесті. Нумерология жазылмайтын аурудан көмектеспейді. Бұл жерде ғаламның, Алланың қалауы. Тағдырмен қашып құтылуға болмайтын жағдайлар бар.
Автор: Айару Шаймерден
Источник: Stan.kz