Таңбалы жартастары — ежелгі өркениеттің теңдессіз ескерткіші

0

Алматы облысы Таңбалы шатқалындағы тастарға басылған беймәлім сұлбаларды алғаш рет археолог Анна Максимова зерттеген. Одан кейін отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен бірнеше экспедиция ұйымдастырылып, көне суреттердің сырын ашуға тырысты.

Қазір мұнда 3800 гектар аумақты қамтитын, екі мыңжылдық тарихтан сыр шертетін қорымдар, петроглифтер мен діни орындары бар үлкен аспан асты музейі жұмыс істейді.

Петроглифтер б.з.д ХIV ғасырдан бастап б.з. VIII ғасырына дейінгі уақытты қамтиды. Ең көнесі қола дәуірінен бастау алады. Сурет салынған тастардың ұзындығы – 10, ені – 3 шақырым аумақты алып жатыр. Тастардың жалпы саны 5000-нан асады. Олар қашау, кесу, жанамалап салу және құйып, жапсыру сияқты түрлі әдіспен салынған.

Таңбалы


Суреттердің тақырыбы да әртүрлі. Қару ұстаған жауынгер, садақшы, жануар, мал мен аңдарды аулау және құрбандыққа шалу сәті, сонымын бірге таңбалар, дұғалар мен шеңберлерді кездестіруге болады.

Тамғалы петроглифтері жай ғана сурет емес, сол заманның өмір салтынан, мәдениетінен, жалпы тыныс-тіршілігінен хабар береді. Олар әр заманда (қола, ерте темір дәуірі, ортағасыр, жоңғар заманы және Қазақ хандығы дәуірі) салынғандықтан білдіретін мағынасы да әртүрлі. Қола дәуіріндегі кескіндер эстетикалық мәнге ие. Мысалы, өгіз – күш-қуат пен молшылықтың белгісі. Ал қолына шоқпар, асатаяқ ұстаған немесе сыйынып отырған адамның бейнесі, аң аулап, құрбандық шалу рәсімі – бұлардың бәpi мифология, космогониялық миф кейіпкерлері. Жартасқа ойып салынған Күн және Ай құдайы және оларды айнала билеп жүрген адамдар қола дәуіріндегі тайпалардың Құдайға қалай табынғанын, қандай салт-жоралғыларды орындағанын көрсетеді.

Таңбалы

Ерекше бейненің бірі – Күнбасты Құдай. Қола  дәуіріндегі тайпалардың дүниетанымы түгелдей табиғатқа тәуелді болғандықтан табиғатты құдіретті деп санады. Оны грек мифологиясындағы құдайларға ұқсатып, ортақ белгілері арқылы байланыстырған. Бұны этнографтар ежелгі тайпалардың барлығы қол жетпейтін нәрсені құдіретті санайтынын, табиғи құбылыстарға табынғанымен түсіндіреді. Олар бір-бірін білмесе де, түсініктері мен ұғымдары ортақ болған.

Петроглиф тұрған аумақты жергілікті ел Жаратушыға сыйынатын қасиетті орынға айналдырған. Бұл туралы дерек Әбу Райхан әл-Бирунидің жазбаларында да кездеседі. Олар түрлі рәсім жүргізіп, ата-бабаларының рухына тағзым жасаған. Кей кескіндердің күн сәулесі түскенде ғана анық байқауға болады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz