Тамырлас елдер Жастар жылын атап өтеді
Отырыс барысында жас көшбасшылардың ІІ форумын, IV Халықаралық жастар лагерін және Түркі кеңесінің ІІІ Халықаралық жастар фестивалін өткізу мәселелері талқыланды.
Жиынды ашқан Бас хатшы Бағдат Әміреев Түркі кеңесінің шараларына қолдау көрсеткені үшін еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне және Қоғамдық даму министрлігіне алғысын айтты. Сондай-ақ Бас хатшы отырысқа қатысушылар түркітілдес елдер жастарының бірыңғай платформасын құру идеясын қолдайтынын және оны жүзеге асыруға кірісетін уақыт келгенін атап өтті.
«Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің саммитінде мемлекеттер басшылары жастар құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жастарды радикалды идеялардан қорғау мақсатында шаралар қолдануға бірауыздан келісті. Түркітілдес елдері жастарының бірыңғай платформасының құрылуы мүше елдер көшбасшылары қойған мақсаттарға жетуге бірден-бір мүмкіндік», деді Бағдат Әміреев.
«Бүгінде әрбір төртінші қазақстандық – жастар өкілі. Сондықтан мемлекеттік саясаттың осы бағыты Президент пен Үкіметтің назарында. Жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалық құжаттар мен жобалар жүйелі негізде іске асырылуда. Ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру үшін біздің министрліктің құрылымында Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет жұмыс істейді, барлық өңірлерде уәкілетті мемлекеттік органдар қызмет атқарады», деді Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев.
Министрдің айтуынша, өңірлерде 210 жастар ресурстық орталығы, 818 Жастар ісі жөніндегі комитет, жастардың 549 үкіметтік емес ұйымы жұмыс істейді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде білім индексі бойынша 189 елдің ішінде Қазақстан 31-орында. Ал жастар дамуының жаһандық индексінде еліміз 183 елдің ішінде 61-орында тұрса, Түркия – 62-ші, Қырғызстан – 64-ші, Әзербайжан – 95-орында.
Сонымен қатар министр Жастар жылының тек Қазақстанға емес, бүкіл түркітілдес елдерге қатысты жыл болуына мүмкіндік бар екенін айтты.
«Жастардың бірігуі біз үшін ең табысты жұмыс істейтін жобалардың бірі болып табылады. Бүгінде әрбір төртінші қазақстандық – жастар өкілі. Сондықтан бұл бағыт біз үшін өте маңызды», деп атап өткен министр Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың негізгі аспектілерімен, Түркі кеңесі аясында ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарымен таныстырды. 2019 жылы Қазақстан тарапы Түркі кеңесі жас көшбасшыларының ІІ форумын өткізуге дайын екенін жеткізді.
Бұдан кейін сөз алған Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу ортақ мұраны болашаққа жеткізуші ретінде қарым-қатынасты бір тілмен шектемеу керек екенін атап өтті.
«Біз түбі бір, тілі бір халықтармыз. Бізге мұра етіп қалдырған күллі түркі халықтарына ортақ дүниені жастарға аманаттау керек. Бүгінгі отырыста бас қосуымыздың себебі – кооперацияның бірігіп әрекет етуі. Түркі елдерінің қарым-қатынасында жастардың алар орны бөлек. Біз әрдайым жастар әлеуетінің жоғары болуына бар күшімізді саламыз. Бүгінгі жастар ертеңгі күллі түркі әлемінің болашағы екені анық», деді Мехмет Касапоглу.
Сонымен қатар Мехмет Касапоглу тарихи отан саналатын Қазақстанның жылышырай танытып, құрметпен күтіп алғанына қуанышты екенін және бойын ерекше сезім билегеніне тоқталды. Түркияның жастар және спорт министрі келер жылы Түркияда IV Халықаралық жастар фестивалі және 2020 жылы Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өткізіледі.
«Спорт жастардың өмірінде ерекше орын алуы тиіс. Сондықтан осы бағытта жастар лагерьлерінің жұмысын жандандыру қажет. Келер жылы біздің еліміз Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын, 2021 жылы Ислам ойындарынан жарыс өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстанмен қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейде. Алдағы Жастар жылы аясында болатын іс-шараларда Түркі кеңесіне мүше елдер белсенділік танытады деген сенімдемін», деді ол.
Бас хатшы Бағдат Әміреевтің орынбасары Өмер Коджаманның айтуынша, бүгінге дейін Түркия мен Қазақстанда ұйымдастырылған жастар лагеріне 1,5 мыңнан астам адам қатысты. Түркі кеңесінің күн тәртібіндегі басты мәселе – ұйымға қатысушы елдердің жастары арасындағы қарым-қатынасты корпоративтік және тұрақты құрылымға айналдыруға мүмкіндік беретін жастар тұғырнамасын құру.
«Түркі кеңесі бұл мәселеде халықаралық жастар ұйымдарымен ынтымақтасуға дайын. Шетелдегі отандастар және Түркияның туыстық қауымдастықтары істері жөніндегі басқармасы Жастар тұғырнамасының жұмысын қолдайды», деді Өмер Коджаман.
Жиын соңында Түркі кеңесінің VI жастар лагері келер жылы Қазақстанда, Түркі кеңесінің III Халықаралық жастар фестивалі Түркияда, Түркі кеңесі елдері университеттерінің екінші спорттық жарыстары (түркі Универсиадасы) 2020 жылы Қазақстанда, Түркі кеңесі Жас көшбасшыларының ІІ форумы 2019 жылы еліміздің Түркістан қаласында өтетіні нақтыланды. Түркі кеңесі жастар тұғырнамасының Бас Ассамблеясы 2019 жылы Әзербайжанда ұйымдастырылады деп шешім қабылданды. Сонымен қатар Түркі кеңесі елдерінің жастар және спорт министрлерінің төртінші отырысы 2019 жылы Қырғызстанда өтеді.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»