Тәліптердің пайда болуында Кеңестік отаршылдықтың әсері мол — ғалым өз пікірін білдірді
Соңғы уақытта әлем жұртшылығын, оның ішінде Қазақстан халқын Ауғанстандағы ахуал ерекше алаңдатып отыр. Осыған орай ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Қалдыбеков Нұрбол өз пікірін білдірді:
Кешегі Ауғанстан мен бүгінгі Ауғанстан
Халқының 99 пайызы дерлік дінге сенесін Ауғанстан халқының 85 пайызға жуығы Исламның суннилік бағытын ұстанады. Басым көпшілігі Ханафи мәзһабында. Шамамен 14 пайызы шииттер. Аз көлемде һинду, сих және яһудилер сынды азшылық топтар да кездеседі. Құқықтық жүйесінде шариғат нормаларын басшылыққа алатын Ауған қоғамында ғұлама-ғалымдар діни-әлеуметтік, мәдени тұрғыдан болсын, саяси тұрғыдан болсын маңызды рөл атқарып келген. Айтарлықтай салмағы бар. Ауғанстанның діни өмірінде сопылық пен тариқат та айтарлықтай маңызға иә. Ауғанстанның діни әрі әлеуметтік-мәдени өміріне сопылықтың тарих бойынша әсері көп болған. Ислам әлеміндегі сопылықтың негізгі орталықтарының бірі саналатын Хорасан аймағының бір бөлігі – Херат пен Бәлх секілді қалалар осы Ауғанстан шекарасында орналасқан. Осы және ханафи мәзһабының ақылға, интеллектіге маңыз беретін кез келген жаңалыққа ашықтығы секілді басқа да факторлар өз кезегінде ауған қоғамындағы діни сананың мейлінше толерантты боп қалыптасуына әсер етіп келген-ді. Себебі, ішкі қақтығыстар орын алғанға дейін ауған қоғамындағы азшылық топ саналатын хиндулар мен яһудилер сауда-саттық саласын ғасырлар бойы басқарып келген.
Ал енді қоғамның бейбіт өміріне белгілі бір дәрежеде кепіл боп келген инклюзивті немесе толерантты діни сананың күрт өзгеріп, діни түсініктегі парадигмалардың ауысуын, бұрынғы қалыпты діни сананың қатаң қалыпқа айналып, нәтижеде Талибан секілді радикалды ұйымдардың пайда болуына не түрткі болды? Немесе бүгінгі Ауғанстан қайдан шықты?
Мұнда екі түрлі фактор бар: Біріншісі, ағылшын отаршылдығының нәтижесінде Үнді субконтинентіндегі мұсылмандар билігінің тоқтауы тұсында пайда болған Деобанд секілді қатаң діни танымның Ауған халқына әсері. Басқаша айтқанда Самарқанд, Бұқара, Херат, Бәлх және Ғазнедегі білім мен руханият ошақтары – медреселердің уақыт өте келе адамдардың рухани сұраныстарына жауап бере алмауы Ауған ғұламаларының «Дарул улум әд-Диәбәнди» орталығынан әсерленіп, толықтай соның ықпалына түсуіне түрткі болды. Бұл орталық Үнді субконтинентіндегі ағылшындардың саяси әрі мәдени отарына қарсы реакция ретінде ХІХ ғасырда пайда болған. Бұлар адамдарға діни ілімдерді үйретумен әрі оны сақтаумен айналысты. Дәл осы жағдай Талибанның құрылуына әлеуметтік-психологиялық алғы шарт болды деуге болады.
Екіншісі, Ауғанстанның 1979 жылы Кеңес үкіметінің отарына айналуы. Бұл оқиға да ауған қоғамының діни, әлеуметтік-мәдени өмірін астаң-кестең етті. Себебі, осы жылдан бастап миллиондаған ауғандықтар әсіресе Пәкістан мен Иран секілді көрші өлкелерге үдере көшуге мәжбүр болды. Бұл көш екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Сирия соғысы орын алғанға дейінгі кезеңдегі ең үлкен көш деп бағаланды. Біріккен Ұлттар ұйымының мәліметі бойынша 1980 жылдары бес млн ауғандық босқын өз елін тастап шыққан. Оның үш миллионы Пәкістанға, жарты миллионы Иранға қоныс аударған. Қалғаны әртүрлі елдерге тараған. Кеңестік отаршылдықтың бұдан бөлек те зардабы мол болды. 1978 бен 2001 жылдар аралығында 1,5 мен 2 млн арасында адам өмірімен қош айтысқан. Елдің жағдайы күрт төмендеп, экономика мейлінше құлдыраған. Ақыр соңында бұл мемлекет сырт елдерден жәрдем сұрайтындай елге айналған шыға келген. Көпшілік діни ұйым деп есептейтін Талибан әрекетінің пайда болуына осындай әлеуметтік-саяси және экономикалық шарт-жағдайлар әсер еткен. Былайша айтқанда олар зәбір көрген дұшпандарынан кек алудың жолы шариғатты қатаң ұстану деп есептеді.
Талибанның құрамындағы әскер Пәкістанның босқындар лагерінде жетілген жасөспірімдер еді. Пәкістанға барған босқындардың біраз бөлігі тұрмыстың тауқіметі қысып, балаларын басы бүтін діни медреселерге табыстаған. Жастайынан медресеге түскен балалар ана мейіріміне қанбаған. Бұл медреселерде заманауи ғалымдардың еңбектерінен гөрі, орта ғасырлық кітаптар көп оқытылған. Он жылға созылған Совет-Ауған соғысы аяқталып, ауғанстандық мұсылмандар өз елінен Совет әскерлерін ығыстыра бастаған кез болатын. Алайда бұл кезде яғни, 1989 жылы олар ел егемендігін жариялай алмады. Себебі, елдің ішінде тағы бір соғыс басталып кетеді. Сол аймақтағы пуштун, өзбек, тәжік және басқа да ұлттар арасында билік үшін шайқас орын алды. Бұл ішкі соғысты ұлтаралық деуге келмейді. Бабра Кармалдың көзқарасын жақтайтын атеист комунистер мен исламды жақтайтындардың өзара қақтығысы деу анағұрлым дұрысырақ. Сонымен қатар, сыртқы күштер тарапынан жасалған қысымдарға, әсіресе Қытай мен Ауғанстанның шекарасының түйіскен жерінде жүзеге асатын героин өндірісіне (әлемдегі героин өндірісінің 71 пайызы) мұсылмандардың наразылығы күшті болғанын айта кету керек. Екі тараптың соғысы біршама уақытқа созылып кеткендіктен бұл елдің жағдайы күрт төмендеп кетті. Шамамен 63 мың адамның өмірі қиылды. Халықтың жоқшылықта, таршылықта өмір сүріп жатқанына қарамастан, жайлы жағдайда өмір сүрген әскер басшылары адамдарға әділетсіз (сотсыз) үкім кесу, оларды бопсалау және де қыздарды зорлау секілді жан төзгісіз лас әрекеттерді жасап, жығылғанға жұдырық болады.
Міне, Талибан қозғалысы осы соғыстың ізін ала туындады. 1994 жылы бір әскер басшысы екі оқушы қызды ұрлап әкетеді. Сөйтіп қыздардың ата-анасы жергілікті медресенің басшысы Омар молдадан жәрдем сұрайды. Молда елу үш шәкіртімен әлгі әскер басшысының отыратын ғимаратына басып кіріп қыздарды құтқарады. Әскер басшысы мен қоластындағыларды түгел асып өлтіреді. BBC арнасы арқылы әлемге тараған бұл оқиға Талибан қозғалысының басталғанын аңғартты деуге болады.
Омар Қандаһар қаласының молдасы және кезінде Кеңес одағына қарсы аянбай соғысқан ерікті командир болған. Талибан қозғалысы қылмысқа, қаттылыққа және Кеңес үкіметінің 1989 жылы Ауғанстаннан шығу кезіне әскербасыларының пара алуына наразылық негізінде туындады. Бұлар әкімшілік жүйе ретінде Ислам құқығының әлемдегі ең қатаң түрін жүзеге асырушылар болды. Жәбір көргендерге жәрдемдесу, ақиқатты жақтау, озбырлық атаулыға тосқауыл қою мақсатымен пайда болған Талибандардың әрекеті қолдарына билік тигеннен кейін күрт өзгерді. Олар әйелдерге қатты қысым көрсетіп, қатал тәртіп орнатты. Әйелдерге мұншалықты қысым бұрын-соңды орын алмаған. Өздерінің мемлекеттілігін жариялағаннан кейін Талибандар 1996 жылдың 26 қыркүйегінде Кабулды алып тұрып, халыққа мәлімдемелерін жариялады. Онда мынадай жайттар бар. Мәселен, әйелдердің күйеуін, бауырын не баласын ертпестен сыртқа шығуына, мектепке баруына тыйым салынды. Ал, әйел сыртқа шығатын болса, тек аузы-мұрнына ауа кіретіндей бір саңылау қалатындай етіп жабық киініп, бет-жүзін тұмашалап жүруге мәжбүр болды. Бұған қоса, әйелдерге ақ түсті шұлық немесе ақ түсті аяқ киім (Талибан туының түсі ақ болатын) және дыбыс шығаратын аяқ киім киюіне тыйым салынды. Жекелеген үйлерге де белгілі бір тыйымдар жасады. Мәселен, егер қайсыбір үйде әйел болса, ол үйдің іші сыртқа көрінбес үшін терезесінің боялуы міндет болып саналды. Одан кейін 1997 жылдың Қаңтар айында ерлер мен әйелдердің емханасын екіге бөлді. Алайда, шамамен жарты миллион әйел тұратын Кабул қаласында әйелдер үшін бір ғана аурухана жұмыс істеді. Мұнымен қоса, бұл аурухананың медициналық құрал-жабдықтары мен жалпы әлеуеті әлсіз болатын. Кабул қаласындағы 22 емханада жұмыс істейтін әйел қызметкерлер жұмыстан босатылды. Тек Рабиа Балхи деген жердегі аурухана әйелдерге уақытша бөлінді. Бірақ бұл емханада бар-жоғы 35 қана жатын орын бар болатын. Оның үстіне онда таза су, электр қуаты, хирургияға қажетті құрал-жабдықтар, рентген аппараттары, вакуум және кислород аппараттары болмады197.
Теледидар, видео, компьютер секілді электрондық заттарға да тыйым салынды. Мұндай тыйымдар тоқтаусыз жалғасып жатты. Мәселен, ер кісілерді сақал қоюға мәжбүрледі. Шаштың маңдайды жауып тұратындай дәрежеде өсуіне де рұқсат етілмеді. Мұны сәждеде ұзын шаштың маңдай мен жердің арасында кедергі болып қалуы шайтанның Алла мен адам баласының арасында кедергі болуына ұқсайды деп түсіндірді. Мемлекеттік қызметкерлерге және оқушыларға басына сәлде орау міндеттелді. Қағаздан жасалған сөмкеге (қалта), дәретхана қағазын сатуға және қолдануға да рұқсат етілмеді. Себебі, ескі Құран парақшаларын қазіргі қағаздардың сол кездегі парақшалардың қайсыбірімен жасалып қалу ықтималы бар деген күдікпен жалпы қағаз атаулыны базардан (тіпті қолданыстан) шығарып тастады. Намазға азан айтылғанда полиция қызметкерлері ала таяғымен халықты мешітке қарай қуды. Ал оған көнбеген кәсіп иесінің жұмыс орнын жаза ретінде бірнеше күнге жауып тастау үкімі берілді.
Талибандар осылайша еш дайындықсыз кездейсоқ билікке келіп, надандықпен ел басқарды. Ең өкініштісі, олар мұның бәрін дін атынан, Құдай атынан жасады.
P.S: Желіде Талибандардың мәзһабы – Ханафи, ақидасы – Матуриди, олардағы агрессия мен радикализмді ұстанатын мәзһабымен байланыстыруға бола ма деген сұрақтар жиі қозғалып жатыр. Діннің түпкі мәні мен мәйегі назардан тыс қалып, тек сыртқы форма алға шыққанда адам қандай мәзһаб ұстанғанына қарамастан радикалданады. Фундаментализмге ұрынады. Қолданатын материалы, мәліметі ханафи болғанымен, діни санасы әһлі хадис (хадисшілдік/мәтіншілдік) танымына ойысып кеткен жандар көп қазір. Радикалды ханафилердің шығу төркіні осы жерде.