Талғарда жасөспірімнің өлімі: күдіктілердің бұрын не үшін сотталғаны белгілі болды
Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан төбелеске қатысты жеті адам қамауға алынды. Жасөспірімді өлтірген күдіктілердің осыған дейін де сотталғандары белгілі болды, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Күдіктілердің екеуі бұған дейін де бұзақылық бабы бойынша сотталған болып шықты. Олар қазір Талғар ауданында пробациялық бақылауда екен. Олардың бірі – Нұрқияс Ілиясов. Ал екіншісі – Шынасыл Абзал.
Сот кабинетінің ақпаратына қарағанда 1998 жылы туған Нұрқияс Ілиясов пен 2000 жылы туған Шынасыл Абзал бірнеше ай бұрын ғана істі болған.
Ілиясов 2023 жылғы 28 шілдеде мас күйде бармен Р.Труспеков деген азаматты ұрған. 1 қыркүйекте тағы да мас күйде М.Сүлейменов деген ер адамды соққыға жыққан. Араға он күн салып 10 қыркүйекте жанар-жағармай бекетінде А.Манап деген азаматпен жанжалдасып, оны да соққы астын алған.
Ал Шынасыл Абзал тараптардың татуласуынан кейін ешқандай жауапкершілікте тартылмаған.
Шерзаттың ата-анасының айтуынша, төбелеске 13 адам қатысқан. Ата-ана олардың барлығының “хуторский” қылмыстық тобының мүшелері екенін айтады. Алайда Алматы облыстық полиция департаменті күдіктілердің қылмыстық мүшесі екені туралы ақпаратты жоққа шығарды.