Талдықорғанда Сайрагүл Сауытбайдың сотына келгендер залға сыймады

0

Наурыздың 28-і күні түстен кейін Талдықорған қалалық сотында Шыңжаңда туған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың Алматы облыстық көші-қон қызметі басқармасының жанынан құрылған комиссия үстінен түсірген талап-арызы бойынша сот процесі қайта жалғасуы тиіс болған.

Бірақ сот процесі алдында Сауытбайдың адвокаты Айман Омарова судья Бейбіт Тұрысовтан сот процесіне қатысу үшін көп адамның келгенін айтып, кеңірек зал беруді сұрады. Судья оның өтінішін орындаймыз деп залдан шығып кетті.

Азаттық соттан тікелей эфирде хабар таратып жатыр. Бұл шағым бойынша алдын-ала сот тыңдауы 15 ақпанда басталған.

Тікелей эфирді көріңіз:

Сот процесіне келген азаматтар арасында Сауытбайдың жақындары, журналистер, қоғам белсенділері де бар.

«Қытайдан заңсыз шекара кесіп өтті» деп айыпталған Сайрагүл Сауытбай бұған дейін өзіне босқын мәртебесін беру туралы арыз берген. Бірақ Сайрагүлдің арызы қанағаттандырылмаған еді.

Шағым беруші жақ соттан шешімді заңсыз деп тануды, Сайрагүлге босқын мәртебесін беруді сұрап отыр. Істі судья Бейбіт Тұрысов қарап жатыр.

Былтыр тамыз айында Алматы облысының Панфилов аудандық соты «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны «жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына» байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен.

Сайрагүл Сауытбай сотта өзіне Қытайда «саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын» мәлімдеген. Ол сотта Қытайда құпия саналатын «саяси үйрену орталықтарында» жұмыс істегенін, «мемлекет құпиясын әшкерелемеу» туралы қолхат бергенін жеткізген. Ол егер өзін Қытайға қайтарса, онда өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін, Қазақстандағы кез-келген жазаға келісетінін мәлімдеген.

Бұған дейін Қазақстан билігі Сайрагүлге үш ай мерзімге «пана іздеуші тұлға» куәлігін беріп, былтыр қазан айында оның мерзімін тағы үш айға ұзартқан.

Azattyq