Талай ұлы тұлғаға мәңгілік мекен болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

0

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Ұлы Жібек жолындағы ежелгі қаланың бірі – Түркістанда орналасқан. Ол – ежелгі сәулетті ескерткіші ғана емес, барша мұсылман зиярат ететін қасиетті орын.

Түркі халықтары ерекше құрмет тұтқан абыз-ақынның кесенесін әйгілі Әмір Темір тұрғызған. Ол Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жеңісті жорығынан кейін қасиетті әулиенің бейітіне тәу етуге келеді. Қабірдің жағдайын көріп, үлкен кесене тұрғызуға жарлық берген. Оның құрылысы 1385 жылы басталып, 20 жылға созылады. Ақсақ Темір дүниеден өткен соң ғимараттың құрылысы толық аяқталмай қалған.

Әмір Темір кесененің аумағын өзі анықтаған. Құрылысшылар мен сәулетшілерге оның жиһаздары мен ою-өрнегін қалай жасау керектігі жөнінде кеңес те берген. Кесенені әйгілі Самарқанды тұрғызған ирандықтар салған. Қабір күмбезінде: “Шираздық Шамси Абд әл-Вахаб әл-Банның еңбегі” деген жазу бар.

Қожа Ахмет Ясауи

Құрылысшылар кесенені тұрғызып жатқанда бірнеше рет келеңсіздікке тап болған көрінеді. Бірде қатты дауыл соғып, қабырғаны құлатады. Тағы бірде құрылыс аумағында бұқа пайда болып, бәрін қиратқан көрінеді. Көп ұзамай Ақсақ Темір түс көреді. Оған “алдымен Ясауидің ұстазы Арыстан бабқа қабіріне кесене тұрғыз” деген аян береді. Әмір Темір солай істегенде, құрылысшылар барлық қырсықтан құтылған екен.

1819 жылы Түркістанды қоқандықтар басып алып, әскери қойма ретінде пайдаланды. Ал 1846 жылы олар кезекті соғыс кезінде қаланы суға батырмақ болады. Бұдан кесене айтарлықтай бүлінген.

XIX ғасырда орыс әскері Түркістанды қоршауға алып, кесенені зеңбірекпен атқылайды. Қаланы басып алғаннан кейін олар қабырғалары бұзылған қасиетті кесенені қиратпақшы болады. Губернатор фон-Кауфманның араласуымен ғана кесене аман қалған.

Қожа Ахмет Ясауи

600 жылдан аса уақыт бұрын салынған ғимарат сарайлар мен ғибадатханалардан тұрады. Кешенде барлығы 35 зал мен бөлме бар. Еңселі қақпа сыртынан Орталық Азия мен Қазақстандағы ең үлкен кірпіш күмбез көрінеді. Сыртқы қабырғалары оюмен өрнектелген. Керамикадан жасалған тақта тастарда Алла мен пайғамбар Мұхаммедті (с.ғ.с) мадақтайтын сүрелер жазылған. Мешіт пен орталық залдың ішкі беті қымбат ақық тастарымен көмкерілген.

Орталық бөлме “қазандық” деп аталады. Залда қола тайқазан тұр. Оған жұма намазына келетін жамағат үшін су құйылған. Аңыздарда қазанға салынған қой етін Алла қабыл қылып, піскен ет келушілердің бәріне жетеді екен.

Бұрын кесенеде медресе мен кітапхана болыпты. Біздің заманымызға тек мешіт пен 1975 жылға дейін жұмыс істеген орта ғасырлық монша ғана жеткен. Ішінде ескі мыс шылапшындар мен құмыралар әлі де бар.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі әлемдік мұралар тізіміне енді. Бұл кесене – Қазақстанда тарихи ескерткіштердің арасында ең алғашқы орында тұр.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz