Тайвань Қытай құрамына кіруі тиіс

0

Қытай президенті Си Цзиньпин халық өкілдерінің жиналысында (ел парламенті — ред.) сөйлеген сөзінде «Тайвань Қытайдың құрамына кіруі тиіс және солай болады» деп мәлімдеді.

Си Цзиньпин егер Тайвань тарапынан қандай да бір қарсылық болса әскери күш қолданудан тайынбайтынын жеткізді.

«Қытай қытаймен соғыспайды. Бейбіт бірігу үшін барымызды саламыз. Себебі бейбіт бірігу екі тарап үшін, ұлт үшін өте маңызды. Бірақ әскери күш қолдануды жоққа шығармаймыз» деді ол.

Тайвань тұрғындары тәуелсіздік алғанды қалайды.

АҚШ Тайваньмен дипломатиялық байланыс орнатпаған, бірақ бұған дейін қабылданған заңға сәйкес, Тайвань аралына қорғаныс саласында көмек көрсетуге міндеттеме алған. Тайвань әскери қару-жарақтың негізгі бөлігін АҚШ-тан сатып алады.

Тайвань — жеке басқару жүйесі бар ел. Бірақ Пекин елдің тәуелсіздігін мойындаған жоқ. Қытай Тайвань аралын біріктіргісі келеді. 1949 жылы компартия мен ұлттық партия арасындағы азаматтық соғыста жеңілген Чан Кайши (ұлттық партия жетекшісі) Тайвань аралына қашып кеткен. Осыдан кейін Қытай мен провинция арал арасындағы қарым-қатынас үзілген. Тек 1980 жылдары үкіметтік емес ұйымдар Қытай мен Тайвань арасындағы қатынасты жандандыру жұмыстарын қолға алды.

Дереккөз: Азаттық