Тағы да педофиль? Қаражалда жоғалған бала белгісіз ер адаммен бос тұрған үйден табылды
26 сәуірде Қарағанды облысының Қаражал қаласында жоғалған кішкентай қыз табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеше түнде Қаражалда жергілікті тұрғын баласының жоғалып кеткені туралы полицияға арыз берген. Ол аулада ойнап жүрген жерінен жоғалып кеткен.
«Ағымдағы жылғы 26 сәуірде сағат 22.26-да Қарағанды облысы Қаражал қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 30 жастағы тұрғыннан оның кішкентай қызы жоғалып кеткені туралы арыз келіп түсті. Полиция қызметкерлері, әкімдік, ТЖБ өкілдері және еріктілер іздестіру шараларын жүргізді», — деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Іздеу барысында тәртіп сақшылары қаңырап бос тұрған үйлердің бірінен 55 жастағы қала тұрғынын анықтаған. Ер адамның жанында жоғалған кішкентай қыз болды. Қазіргі уақытта полиция баланың осы жерге қалай келгенін анықтап жатыр.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-тергеу шаралары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау абақтысына қамалды», — деп түсіндірді ведомствода.