Тағы да олигархтар: Петропавлдағы ЖЭО-2-ні кім қалпына келтіреді?
Ел Президенті соңғы жағдайға байланысты тағы бір тапсырма берді – Солтүстік Қазақстан облыс орталығындағы тұрғындардың үйлеріне берілетін жылуды қалпына келтіру. Бұл қайғылы жағдай нәтижесінде көкейде жаңа сауалдардың пайда болғаны анық. Билік стратегиялық нысандарды олигархтардың қолына қалай берді? Модернизацияның негізгі шығындарын неліктен кәсіпкерлер емес, мемлекеттік бюджет өтейді? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін Ulysmedia.kz тілшісі жағдайға толықтай талдау жүргізді, — деп хабарлайды Kznews.kz сайты.
Петропавл қаласында ЖЭО-2-нің үш мұржасының бірі опырылып түсті. «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Махина секундына 10 метрге дейін соққан желге төтеп бере алмаған. Жылу электр орталығындағы 12 қазандықтың бесеуі осы құбырмен тығыз байланысты болған, әзірге оларды іске қосу мүмкін емес. Оқиға орнына дәрігерлер, Төтенше жағдайлар министрлігі мен әкімдік қызметкерлер келді. Ал Солтүстік Қазақстан облысының басшысы Құмар Ақсақаловтың өзі қаладағы жылу жақын арада қалпына келтірілетініне уәде берді.
ЖЭО-2 иесі Александр Клебанов та дереу оқиға орнына жетті. Құбырдың құлау себебі анықталатынын және оның қалпына келтірілетініне сендірді.
Әлеуметтік желілерде жылу электр стансалары сияқты маңызды стратегиялық нысандарды жекенің қолына бермеу керек деген пікір жиі айтылып жатыр. Оның басты себебі – жылуды, электр энергиясын немесе суды сатудан түскен пайда байлардың қалтасына түседі. Алайда олар бұл қаржыны құбырларды, сымдарды және басқа да техниканы жаңарту мен жөндеуге кететін шығындарға жұмсамайды, тиісінше мұны мемлекетке қалдырады.
2016 жылы опырылып түскен құбырдың өзіне бюджеттен 112 миллион теңге бөлінген. Келесі жылы тағы бір жөндеу — мұржаны жаңғырту жұмыстары жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов екі жыл бұрын халықпен кездесуінде мәлім еткендей, 2017-2020 жылдар аралығында жылу орталығын жаңғырту мен жөндеуге 16 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылса, алдағы уақытта тағы 7 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Ал 2021 жылы күтпеген жерден 2-ЖЭО құрал-жабдықтарының тозығы жетіп, жөндеу жұмыстары жүргізілсе де, апатты жағдай орын алған. Бұл туралы көктемде «Севказэнерго» АҚ бас директоры Игорь Татаров мәлім етті.
Күз мезгілінде облыс тұрғындары бір қауіптің боларын сезген. Қараша айында ЖЭО-2-де бірінші апат, ал желтоқсанда екінші апат орын алды. Сол екі апаттың салдарынан 12 қазандықтың алтауы ғана жұмыс істеп тұрған.
Осы оқиғадан кейін әкімдік пен энергетикалық кәсіпорындар 2022 жылы ЖЭО-2-ні қайта жаңғыртуға 9,5 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады.
Қазақтың байырғы жылу электр стансаларының бірі кімнің есебінен қалпына келтірілгені – үлкен сұрақ. Шығындардың көп бөлігін қалалық және республикалық бюджеттер өтеуі мүмкін, өйткені энергетиктердің өздері ақша жоқ екенін әлдеқашан ескерткен. «Севказэнерго» АҚ сайтында жарияланған соңғы жылдық есеп 2020 жылдан басталады. Онда кәсіпорынның 2019 жылғы таза табысы 3,7 млрд теңгені құрап, кәсіпорынның жалғыз акционері – «ОАЭК» АҚ дивидендтерін төлеуге шамамен 1,9 млрд теңге жібермек болғаны айтылған.
Сонымен бірге, бір жыл бұрын ОАЭК акционерлерінің бірі Сергей Канның пікіріне сүйенсек, компания 2008 жылдан бері дивиденд алмаған – барлығы өңірлердің энергетикасын жөндеуге жұмсалады.
Петропавл қаласының 2-ЖЭО-ның иесі «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ болып табылады. Оның ресми сайтында хабарланғандай, «ОАЭК» АҚ 2009-2019 жж. қорытындылары бойынша генерациялайтын активтері 64,5%-ға жаңартылған, бұл Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Басқарма төрағасының орынбасары Игорь Ильин — Төтенше жағдайлар министрлігі басшысының Юрий Ильиннің ұлы.
«ОАЭК» АҚ жалпы орнатылған электр қуаты 1 218 МВт құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Корпорация Қазақстандағы жеке энергия өндіруші компаниялар арасында көшбасшы болып табылады. Корпорацияның жалпы белгіленген жылу қуаты 2 981 Гкал/сағ. Электр беру желілерінің жалпы ұзындығы 49,2 мың км, жылу желілері – 983,9 км. «ОАЭК» АҚ отбасы факторын есепке алғанда 2 миллионнан астам адамға қызмет көрсетеді, бұл Қазақстан Республикасы халқының 12,5%-ын құрайды. «ОАЭК» АҚ тігінен біріктірілген басқару құрылымына ие. «ОАЭК» АҚ-ның Қазақстан аймақтарындағы еншілес ұйымдар қатарын «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС, «Ақмола тарату электр желілері компаниясы» АҚ толықтырады.
ОАЭК құрылымына кіретін кәсіпорындар өткен ғасырдың 90-жылдары жекешелендіру аясында кәсіпкерлерге берілген. Алдымен олар «Росказэнерго» ЖШС-на, содан кейін 1998 жылдан 2007 жылға дейін «Access Industries» американдық инвестициялық корпорациясына тиесілі болған еді. 2007 жылы ОАЭК Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясына сатылды. Содан бері бизнесмендер Александр Клебанов (Forbes 2021 тізімінде 15-орын) және Сергей Кан (Forbes тізімінде 24-орын) паритеттік негізде осындай үлкен энергетикалық экономиканы иеленіп келеді.
Алматы мемлекеттік медицина университетінің түлегі Александр Клебановтың есімі қазақстандықтарға бұрыннан белгілі. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне әуе кемелерін жеткізіп, өзінің алғашқы капиталын жасады. Содан кейін OrientEagle Airways Ltd оффшорлық компаниясы арқылы дәл сол ұшақтарды жалға беріп отырды. Одан кейін CAPEC акционері бола отырып, ол 2016 жылдан 2018 жылға дейін Sobrio Limited оффшорлық компаниясы арқылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 24,5% үлесін иеленді. Кейін бұл акция Қайрат Сатыбалдының оффшорлық компаниясына сатылғанған. Сондай-ақ, Александр Клебанов жұбайы Дарьямен бірге бірқатар қазақстандық БАҚ-қа иелік етеді. Оппозициялық баспасөздегі жарияланымдарға қарағанда, Клебановтар отбасы Дариға Назарбаевамен тығыз байланысты.
Сергей Кан Клебановтың бұрыннан серіктесі болғанымен, аса танымал тұлғалардың қатарынан емес. Олардың 2018 жылы бизнесмен Еркін Әмірхановпен бірге иелік ететін Эксимбанктің банкроттығы туралы жанжалға да қатысы болған еді. Сондай-ақ қос кәсіпкер ЦАТЕК-ке ие болды. Эксимбанктің банкротқа ұшырағаны белгілі болмай тұрып-ақ, Еркін Әмірханов энергетикалық компаниядағы өз үлесін осы екі кәсіпкердің пайдасына беру туралы құжаттарға қол қойған. Өз кезегінде Клебанов пен Кан оған Эксимбанктегі өз үлестерін берді. Нәтижесінде банкке қатысты жанжал басталғанда Кан мен Клебановтың еш қатысы болмағандай шыға келді. Сонымен қатар, Кан Александр Клебановтың ұлы Яковпен тең дәрежеде Circle Maritime Invest компаниясына иелік етеді, ол арқылы Rixos Almaty қонақүйінде де үлесі бар. Ал 2021 жылға дейін Сергей Кан ОАЭК басшысы болды. Енді ол энергетика кешенін тікелей басқарудан алшақтап, ҚазНИПИ Энергопром директорының кеңесшісі қызметін атқарады. Дәл осы ғылыми-зерттеу институты Қазақстанның жылу электр станцияларын, оның ішінде ОАЭК холдингін жаңғырту бойынша ірі жобаларды әзірлеуші болып табылады.
Енді, КазНИПИ Энергопромды әлі де көп жұмыс күтіп тұрғаны анық, Петропавл қаласының 2-ЖЭО-дағы бұрын келісілген жөндеу жұмыстарының құнын есептеп қана қоймай, жаңасын салуға немесе қалпына келтіру процесін қолға алу керек. Дегенмен, Сергей Кан «білімді» адам ретінде ғалымдар мен инженерлерге дұрыс кеңес бере алатыны сөзсіз.
P.S. Петропавлдағы төтенше жағдайдың нақты себептерін іздеп, стратегиялық нысандағы апатқа кім себепкер болғанын білмек болғанымызда, тың деректер келді. Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі ЖЭО-2 директоры мен бас инженерінің облыс орталығында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Прокуратура ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы – қызметтік міндеттеріне дұрыс атқармағаны үшін қылмыстық іс қозғады. Олар үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру немесе бес жылға дейін бас бостандығын шектеу, яки дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылады. Қазір тергеу барысын облыс прокуроры мен полиция департаменті бастығы бақылауда ұстап отыр.
(фото Ulysmedia.kz сайтынан алынды)