1,5 млн алдым, тағы да кешірім сұраймын. Қарғамаңыздар: Роза Әлқожа лотерея туралы шындықты жайып салды

0

Лотерея туралы жарнамаға түсіп, оны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған әншілердің қатарында Роза Әлқожа да бар. Ол осы посты үшін қанша қаржы алғанын және оның қалай болғанын айтып берді.

«Бұл ұтыс ойыны деген дүниені маған дейін де шоу бизнес өкілдері бастаған. Кезек маған келгенде он күн ішінде он бес миллион таба алмай жанталасып жүргем.
Оған дейін жарнама жасап көрмеппін. Бұл жолы қысылған соң келістім(1жарым млн алдым).

Ал қызығы кейін басталды.

Шексіз билет сату деген дұрым емес екен. Бірінші кезеңде жиырма мыңнан астам билет сатылыпты. Ал көлік үшеу ғана. Сыйлық жүз дана. Жиналған мың адамға түк те болған жоқ. Бірақ әділ түрде әр көлік өз иесін тапты. Одан кейін келісімшартты бұзып шығып кеттім. Өйткені концертке дайындалуым керек еді.

Менен соң Ақбота әпкеміз, одан соң Ернар ініміз ойнатты.
Мейлі. Мені қай жерде кінәлі қылды?

Маған дейін инвестиция ойнатқан. Менің кезімде Гауһар деген әйел ала алмай жүр екен. Соны әперуге көмектестік. Ал, мен кеткен соң тағы ойнатқан. Оны Ақбота да, мен де білмедік. Ал, біздің құдайға шүкір оңай табыс көздегендер бірі күйеуіне айтпай, бірі әйеліне айтпай үнсіз ақша салған. Таңғалатыным — біреу қарызға сұраса қиналатын ақшаны қалай оңай сала салғаны?!

Өз басым инвестицияны жарнамалаған емеспін. Сөйте тұра кінәлі болдым. Ол да қара күйе.

Неге? Мәселенің бәрі Ернарға келгенде ушығады. Карантин. Көліктер берілмеген. Алаяқтар шын алаяқ екені расталды. Түрмеге тоғытылды.

Ал, біз неге кінәлі болдық? Жарнама жасаған Ернардың кінәсі жоқ. Ақша салғандар не істерін білмей ұтыс ойынының басындағыларды тарта бастады. Үйде келісімшарт тұр. Осы жерде салып көрсеттім де.

Ақбота әпке адвокат жалдады. Кім артық сөйлесе жауапқа тартылады. Әншілер «әркім өзін ақтап алсын» деп Майра апайдан басқасы жақтамады.

Менің адвокатқа ақшам болған жоқ. Оған дейін Мақтааралдан келгем. Оның алдында басыма іс түсіп моралдық, психологиялық, материалды тұрғыда шығындалғаным бар. Концерт бергендегі шығыным бар. Бір Аллаға тапсырып қана үнсіз құмықтым.
Мен бар деп сол адамдарға сенгендерден тағы да кешірім сұраймын. Қарғамаңыздар. Өмір-бумеранг. Жақсы сөз де, жаман сөз де өзіңізге қайтады.

Осыған дейін талантты жастарға қамқорлық танытып, шама келгенше қайырымдылық жасап келе жатырмыз. Алда да «құдай маңдайымды қырып қоймаса» ниет бар. Оған бола дініме тиісіп, тегіме тиісіп керек емес. Мен ешқашан халықты алдаған емеспін. Алдамаймын да. Ал, мына жағдайда мен оларды еш дәлел жоқ алдын ала алаяқ деп айтуым орынсыз болар еді. Арнайы хабарға барып түсіндіремін деп жүргенде «Астарлы ақиқат» жабылды. Сондықтан арнайы жаздым. Аман болыңыздар!» деді Роза Әлқожа.