Тағы бір қазақ қызы ағылшын азаматына тұрмысқа шықты
Тағы бір қазақтың қызы өзге ұлтпен тұрмыс құрды. Гүлназ есімді ару ағылшынның Марк есімді азаматына тұрмысқа шықты, деп хабарлайды kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы шоумен Нұржан Аташ айтты. Ол екі ұлтты некенің куәсі болған.
«Той тізгіндеу тарихымда түрлі қуаныштың куәсі болып жүрміз! Бүгін қазақтың қызын ағылшындықтардың шаңырағына ұзату бұйырыпты. Билл құда мен Карен құдағи елімізге келмес бұрын ата-салтымызды толықтай зерттеп, бүкіл дәстүрмен жолын жасап келген екен десті жиылған жұрт! Қыз карьера деп келіндік қызметтен қызметтік мансапты жоғары қойып, жеті жұрттың тілін біліп, жеті елдің ілімін игерген екенін ұқтық. Өзгенің тағдырына төреші біз емес әрине, десе де қазақ қызын өзге ұлттан қызғандым!» – деп бөлісті Аташ желідегі парақшасында.
Ол соңғы кездері осындай үрдістің кең тарап баратынын айтып қынжылды.
«Неге осындай тенденция белең алып барады, қыздар жөні түзу жігіт жоқ десе, ұлдардың жібі түзу мен сүйетін Жібек жоқ деуі нендей қасірет?» – деп түйіндеді сөзін ол.
Айта кетейік, бұған дейін араб жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы жайлы жазған едік. Сауд Арабиядан келген күйеужігіт Динара Мұсабаеваға Шымкенттен үш бөлмелі пәтер сыйлады.
Сол сияқты блогер Айнұр Рахметова Пәкістан азаматымен отбасын құрды.