«Табыну синдромы қанымызға әбден сіңді» — Сенатор Мұрат Бақтиярұлы
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы «Сұрауы бар» арнасына сұхбат берді деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында қазақ қоғамын жайлаған табыну дерті жайлы айтты. Оның айтуынша, қазақ хандығы заманында жеке басқа табыну болмаған. Ал батырлар мен ақындар хандардың бетіне тіліп тұрып шындықты айтқан. Алайда, Кеңес заманы орнаған соң жеке басқа табыну культі етек жая бастаған:
«Алдымен Ленин, одан соң біздің аға ұрпақ Сталинизм ауруымен ауырды. Сталин кеткен соң Брежневтің ауруымен ауырдық. Одан күн көсем жасадық. Барлық жерге оның аты берілді, бюстері қойыла бастады. Мен тарих факультетінде оқыдым. Біздің курстық жұмыстарымызды Брежневтің цитаталары болмаса, мұғалімдер жазғанымызды қабылдамайтын. Міндетті түрде әр жұмысымызда съезд, Маркс, Ленин, Брежневтің сөзіне сілтеме жасауымыз керек,» — деп еске алды Мұрат Бақтиярұлы.
Сенатор қоғамда қалыптасып кеткен табыну культінен тәуелсіздік жылдары да арылмағанымызға қынжылады:
«Біз тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылында есімізден тандық. Капитализм деп жүріп, санамыз отарсызданған жоқ. 2000 жылдардың басында біз тағы да жеке басқа табыну тенденциясы байқалды. Жеке басқа, басшыға бағыну етек алды. Назарбаевқа бір бөлек, жергілікті жерлерде әкімдерге, ауыл әкіміне, аудан әкіміне, қала мен облыс әкіміне арнайы өлеңдер шығара бастады. Осылайша, отыз жылда біз жеке басқа табыну синдромынан арыла алмадық. Қанымызға әбден сіңді. Бізге осы культтен арылу керек, өкінішке қарай, әлі арыла алмай келеміз,» — деді сенатор.
Сенатордың айтуынша, алдағы уақытта кезең-кезеңімен экс-президент Назарбаевқа берілген көше атаулары өзгертіледі.
Мұрат Бақтиярұлы 2011 жылдан бері Қызылорда облысынан Сенат депутаты болып сайланған.
Сұхбатқа сілтеме: