Сыр өңіріне келген ауыл шаруашылығы министрі шаруалармен кездесіп, егіннің жайын талқылады
Қызылорда өңіріндегі жұмыс сапары аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен бірге көктемгі егіс науқаны мен мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған арнайы жиын өткізді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа «Байтерек» Ұлттық Басқару Холдингі» акционерлік қоғамының Басқарушы директоры Айгүл Джуанышбаева, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Айдар Прашев, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары Асылхан Джувашев және аудандағы шаруашылық иелері қатысып, көкейде жүрген сауалдары бойынша өзара пікірлесті.
Жиында аймақ басшысы биылғы су деңгейінің тапшылығына байланысты суды аз қажет ететін өнім түріне ден қою, Үкіметпен бекітілетін су лимитіне қарай әрекет ету, каналдарды тазалау, насос қондырғыларын орнату мәселесінде қолға алынған жұмыстарды тізбеледі.
— Биылғы жылы да су мәселесі өткен жылғыдай өзекті болғалы тұр. Бұл вегетациялық кезеңде су тапшылығының орын алуына және жайылымдықтар мен шабындықтарды суландыруға әсер етеді. Осыған байланысты Үкімет резервінен бөлінген қаржыға барлығы 21 канал тазалау, 52 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алу жоспарымызда бар.
Біз осыған дейін барлық аудандағы шаруалармен кездесіп, лимит аясында егілетін өнім көлемін нақтылау ісінде ортақ шешімге келу үшін басқосып, талқылап келеміз. Сіздерде көкөніс егудің шығымы әлдеқайда жоғары болғандықтан, шаруашылықтардың әрбірі өнім көлемін сақтау ісінде тиімділік жағына мән беруі қажет. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ бірлесіп, қажетті картоп, сәбіз, пияз және басқа да өнімдерді егіп, тұрақтандыру қорына ұсынып, сырттан өнім алуға деген тәуелділікті азайтуға жұмыс істейік, — деді Г.Әбдіқалықова.
Отырыста бірқатар басқарма басшылары вегетация кезеңінде іске асырылуға тиіс жұмыстардың жоспарын баяндаса, аудан әкімі Руслан Рүстемов егіске дайындық барысы мен Келінтөбе магистралды каналының бас сағасына Су тоспасы құрылысын салу бойынша ұсыныс айтты.
Жиында бірқатар шаруа қожалық иелері субсидия алу, жем-шөп тасымалдау, су қорына қатысты өзекті сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді
Басқосуда көтерілген әрбір ұсыныстарды тыңдай келе Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қаршөкеев шаруаларды алаңдатқан мәселелерге қатысты нақты жауап берді.
— Биылғы жылы Президент тапсырмасы негізінде көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайды. Біріншіден, «Кең дала» бағдарламасы арқылы жыл сайын 70 млрд.теңге қаражат бөлінсе, биыл соны екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік алғалы тұрмыз. Қазір республикалық бюджетті нақтылау процессінде тұр. Екіншіден, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу үшін жыл сайын 40 млрд.теңге бөлініп келді. Оның көлемін 80 млрд.теңгеге ұлғайтып жатырмыз.
Ал, биылғы күрделі кезеңді ескере келе, субсидияны алу тәртібінің жаңа ережесі келесі жылдың 1 қаңтарына қалдырып, субсидия беруді ескі жүйе бойынша іске асырамыз. Былтыр 2022 жылға республика көлемінде субсидиялауға 309 млрд.тенге қаржы қарастырылған еді. Президент тапсырмасы аясында қаржы көлемін 388 млрд.теңгеге ұлғайту туралы ұсыныс бердік. Бұл былтырдан қалған қарызды өтеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ, ауылшаруашылық өнінімінің бағасын тұрақты ұстауға септігін тигізеді. Сонымен бірге, субсидиялаудың бірыңғай ақпаратын енгізетін жаңа жүйені дайындадық. Бұл бұрынғы қолданыстағы жүйеге қарағанда фермерлерден артық құжаттарды әрі қаржыны талап етпейді. Барлығы автоматты түрде іске асырылады,-деді Ербол Қарашөкеев.