Сылақшы болып жүріп жұлдызға айналған әнші Дананың әңгімесі

0

Қызылордалық сылақшы қыз Гүлмайдан Серікбай бір күнде «әнші Дана» ретінде белгілі болып, жұлдызға айналды. Желі қолданушылары ол орындаған «Әдемі қыз» әніне тәнті болып, танылмаған талант деп жатыр. Жұмыс кестесі тығыз болғанына қарамастан Гүлмайдан Baribar.kz тілшісіне жеке өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелеп берді.

Гүлмайданның жақындары қызының әнші болғанын қалағандықтан, таңдаған мамандығына қарсы болмаған. Есімін сол кездегі елге белгілі әншіге ұқсатып, ырымдап қойған екен.
«Марқұм анам жұлдызымның жарқырағанын армандады»

Үйде Гүлмайдан Сүндетова есімді әншінің суреті бар еді. Атымды сол кісінің фотосына қарап, әнші болсын деген мақсатта қойыпты. Ата-әжемнің тілегі қазір орындалайын деп тұр. Әсіресе марқұм анам жұлдызымның жарқырағанын армандады. Ес білгелі жайлауда жүріп ән айтатынмын. Сол кезде бар-жоғы бес жастамын. Содан бері өнер жолынан алыстаған емеспін. Мектеп кезінде түрлі байқауға қатысып, жеңімпаз да атандым. Талай жарысқа қатысқанымда анам жанымда болып, жүгіріп жүретін, – дейді ол.

Гүлмайданның көпшілікке танымал есімі – Дана. Оның айтуынша, бұл есім адамдардың есінде тез сақталады екен.

Ол 1994 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Бестам ауылында дүниеге келген. 3-курсқа дейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Жоғары музыка» мамандығы бойынша білім алған. Алайда 2017 жылы анасы қайтыс болып, оқуын аяқтай алмай қалады. Әйтсе де өзі қиындық көп көргенімен, өнерін тастамағанын айтады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қызылордада дәмхана, мейрамханаларда музыканың сүйемелдеуімен жанды дауысты ән айтқаныммен, тойға шыққан жоқпын. Өйткені жанды дауыста айтқанды ұнататынмын. Екіншіден, тұрақты жұмыс істеуді жан дүнием қалады, – дейді Гүлмайдан Серікбай.

Бірақ Қазақстанда эпидемиология ахуалы нашарлап, шектеулер енгізілгенен кейін бұл күнкөрісінен айырылыпты. Карантиннің қос бүйірден қысқанына қарамастан, жаңа үйлердің салынып жатқанын көріп, құрылысқа жұмысшы болып орналасқан. Екі жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істеп жүр екен.

«Халық қолдайды деп ойламаппын»

Әншінің даусын бағалап, көпшілікке алғашқылардың бірі болып таныстырған адам — @dauletten деген никпен белгілі Дәулет Мұқаев.

…Қолында диплом да жоқ. Бірақ Алла берген дауыс бар. Қазіргі уақытта Алматыдағы пәтерлерде жөндеу жұмыстарын (евроремонт) жасап, нәпақасын тауып жүр. Мынандай дауыспен Дананың ән айтатын жері адам жоқ тар бөлме емес, мыңдаған көрермені бар үлкен сахналар деп ойлаймын. Таланты бар, танысы жоқ жанға мықты продюсер табылса екен деймін. Сәттілік, Дана!, – деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Гүлмайданның айтуынша, бұл жаңалықты естіген әкесі көзіне жас алыпты, қызына берілген мүмкіндікке бірге қуанып, қолдап отыр екен. Қазір әнші отбасымен бірге Алматыда тұрып жатыр. Төрт жастағы ұлы бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Халық дәл осылай қолдайды деп ешқашан ойламаппын. Өйткені бұл жүрегімде тұншыққан арманым еді. Жұмыста жүргенде ән айтып жатқанымды жақын досым болып кеткен Жұлдыз сыртымнан байқатпай видеоға түсіріп, TikTok-қа салып жіберіпті. Ол екеуіміз құрылыс алаңына бірге шығып, жұмыс істейтінбіз. Бос үйдегі жақсы акустиканың арқасында дауыс әсерлі шығыпты, сөйтіп интернет аудитория арасында тарап кетті деп ойлаймын, − дейді Гүлмайдан Серікбай.

Әнші интернет-феноменге айналған соң Instagram-дағы парақшасына жазылған қолданушылар саны мыңнан қырық мыңға дейін көбейіпті.

«Басты арманым  – әнші болу»

Дана аз уақыттың ішінде осындай танымал тұлғаға айналамын деп ойламаған. Қазіргі жеке көмекшісі де бар екен.

Дананың жоспары – өнерін жоғары деңгейге жеткізу. Халықтың қолдауымен мақсатқа жетіп, авторлық әндерін елге ұсыну, – дейді көмекшісі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сол арада продюсер Жан Мұқанов Гүлмайданның талантын бағалап, оған ән жаздырып беріпті. Бұдан бөлек, әнші бірнеше телевизиялық бағдарламаға шақырту алған.

Басты арманым  – әнші болу. Алла қаласа, оқуымды да жалғастыру ойда бар. Бірақ бәрі мүмкіндігімізге қарай ғой, уақыт көрсетеді, – дейді ол.

 

Енді ол Сәкен Майғазиевтің қолдауымен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында музыка саласындағы білімін жалғастыратын болды.

Сәкен ағамыздың парақшасында белгілеп, мені елеп-ескергеннің өзі үлкен құрмет, – дейді Гүлмайдан.

Сонымен қатар бірқатар ақын оған сөз жазып беретінін жеткізіпті. Одан бөлек Гүлмайдан халықаралық Аsia’s Got Talent байқауында бақ сынамақшы. Байқау ұйымдастырушылары хабарласып, кастингтен өткенін хабарлаған.