Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұр-сұлтан әкімдігін тексеруді бастады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұр-сұлтан әкімдігін тексеруді бастады, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Нұр-сұлтан әкімдігінің, оның аудандық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталды. Талдау жүргізу барысында елорда әкімдігінің құқықтық базасы мен ұйымдастыру-басқару қызметін егжей — тегжейлі зерделеу жоспарлануда», — делінген жұма күнгі хабарламада.
Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, бүгінде жергілікті атқарушы органдардың жоғары сыбайлас жемқорлық осалдығы байқалады.
«Ағымдағы жылдың бес айында ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдіктердің қызметшілері жасаған 92 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеді, 76 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде әртүрлі деңгейдегі жеті әкім мен олардың орынбасарлары, сондай – ақ облыстық басқармалардың 14 басшысы бар», – деді Бектенов.
Атап өтілгендей, Антикордың Пилот нысанында кешенді талдау жүргізу туралы бастамасы елорда әкімдігінің басшылығымен қолдау тапты.