Қазақстанда цифрлы майнингке салық енгізіледі: Президент заңға қол қойды

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда цифрлы майнинг өндірісі үшін төлемдер енгізуді көздейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда сайты.

«Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы «Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, – делінген хабарламада.

Заңның мәтіні баспа түрінде жарияланады. Бұған дейін бұл заңда Қазақстанда цифрлы майнингке салынатын салық туралы ережелер бар екендігі хабарланған еді.

Салық кодексінің 69-тарауы «Цифрлы майнинг үшін төлем» атты 11-тармақпен толықтырылады. Онда келесі нормалар пайда болады:

606-1 бап. Жалпы ережелер

1. Цифрлы майнинг үшін төлем цифрлық майнинг кезінде тұтынылған электр энергиясының мөлшері үшін алынады.

2. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей төлеушілер туралы ақпаратты уәкілетті органға ұсынады.

606-2 бап. Төлемдерді төлеушілер

Төлемді төлеушілер – цифрлы майнингті жүзеге асыратындар.

Төлем ставкасы цифрлық майнинг өндірісін іске асырған кезде тұтынылатын 1 киловатт-сағат электр энергиясына 1 теңге есебінен жоспарланған. Төлемді есептеуге арналған салық кезеңі бір тоқсанды құрайды. Төлем мөлшерін төлемді төлеушілер цифрлы майнинг жұмыстарын жүргізуде тұтынылған электр энергиясының нақты көлемдеріне және белгіленген төлем мөлшерлемесіне сүйене отырып есептейді.

Жаңа нормаларды енгізу мерзімі 2022 жылдың 1 қаңтарынан басталады.