SWIFT-тен ажыратады: Ресейдің саудасы бітті
Еуроодақ елдері, АҚШ, Канада және Ұлыбритания ресейлік банктерді Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты санкцияларға ұшыраған SWIFT халықаралық банк жүйесінен ажыратуға келісті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Еуропалық комиссия, Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания, Канада және АҚШ бірлескен мәлімдемесінде:» Бұл банктердің халықаралық қаржы жүйесінен ажыратылуын қамтамасыз етеді және олардың жаһандық деңгейде жұмыс істеу қабілетіне нұқсан келтіреді», — делінген.
«Біз Путиннің Украина халқына қарсы әдейі жүргізіп жатқан соғысын айыптаймыз. Біз Ресейді жауапқа тартамыз және бұл соғыс Путин үшін стратегиялық сәтсіздікке айналуын бірлесіп қамтамасыз етеміз», — делінген құжатта.
Қажет болса, Ресейдің басқа банктері де SWIFT-тен ажыратылады, деді Германия үкіметінің ресми өкілі Штеффен Хебештрайт.
«Халықаралық қауымдастықтың санкцияларына ұшыраған барлық ресейлік банктер, қажет болған жағдайда басқа ресейлік банктер SWIFT халықаралық төлем жүйесінен шығарылады. Осылайша, бұл институттар халықаралық қаржы ағындарынан алынып тасталуы керек, бұл олардың жаһандық қызметін шектейді», — деді Хебештрайт.