Асхат Қасенғали: «Украина әскерінің ерлігі тәнті етті»

0

Тәнті болдым. Украина әскерінің ерлігіне тәнті болып отырмын. Басқыншы әскері Қырымдағыдай бір оқсыз аламыз деп ойласа керек. Әлде расымен «Украинаны фашистер басып алды» деген ертегіге сенген Ресей сарбаздары, Украина халқы алдымыздан құшақ-құшақ гүл шоқтарын алып шығады деп ойлады ма екен?

Украинаны ұшақтармен бомбалап, зымыранмен атқылап, танкпен таптап, кемеден оқ жаудырып, артиллериямен соққылап жатыр. Қарсы жауап ретінде Украина ерлері басқыншының ұшағын құлатып, зымыранын қағып түсіріп, танктерін өртеп, жаяу әскерін мылжа-мылжа етуде. Әскери қуаты әлемдегі екінші орында тұрған елдің әскері қырылып жатыр. Мыңнан асты.

Украина берілмеуде. Шегінбеуде. Отанды беру мен өлім таңдауы тұрса, өлімді таңдауда. Көпірді жарып, Ресей танктерін тоқтатқан жігіттер, аралда қоршауда қалып, берілуден бас тартып, қаза тапқан 13 жауынгер соның дәлелі. Украина халқына да тәнті болдым. Бомбалаған сәтте бункерге жасырынып, артынша шығып, донор ретінде қан тапсырып, Молотов коктейлін дайындап, жаппай Ресей әскерінің суреті мен видеосын қорғаныс штабына жіберіп, ресейлік диверсанттарды анықтап, олардың көзін жоюға көмектесіп жатыр. Біртұтас халық деген осы ма?! Танктың алдына жатып, тоқтатпақ болған қарияның әрекеті мен Харьковтен бастап Львовқа дейінгі аралықта әр қаланың военкоматына жиналған мыңдаған жігіттерлің «қару алып, соғысамыз» деуі қалайша тәнті етпейді?!

Иә, мүмкін Украина жеңілетін шығар. Иә, мүмкін ол Ресей шарттарына көнетін болар. Иә, мүмкін Зеленский елден кетер бәлки өлер, бірақ дәп қазіргі әрекеті тәнті етуде. Украина ерліктің қандай боларын көрсетуде.

«Украинаның шешімі дұрыс па, жоқ па», «Ресеймен біздің 7 мың шақырымдық шекарамыз бар», «НАТО-ның әрекеті мен геосаясат» деген тақырыптың бәрін бастап ысырып тастап, жай ғана Украина қарсылығына тәнті болып отырмын.