Сусамыры бар сырқаттардың сабыры таусылды

0

Қысқасы, тас түскен же­ріне ғана ауыр. Осы мәселе төңірегінде кезекті рет ата-аналар БАҚ өкілдеріне жү­гініп, өздерінің мұң-мұқ­таждарымен бөлісуге мәж­бүр болуда.

Бұған дейін жаздағы Алматыдағы менингококк жұқпасына қатысты ахуалға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­танов мегаполиске келіп, баспасөз мәслихатын өт­кіз­ген кезде осы мәселе көте­рілген болатын. Мұндай жағдай еліміздегі Денсаулық сақ­тау министрлігі «Қант диа­бетінің 1-түрін» әлеу­меттік маңызға ие аурулар тізімінен алып тастағаннан кейін туған. Салдары жоға­ры­­дағыдай. 

Мәселен, Денсаулық сақ­тау министрлігінің 2017 жылдың 11 желтоқсанындағы №935 бұйрығына сәйкес «Глю­каген гипокит» (бел­сенді заты – «Глюкагон H04AA01») препараты­ ке­піл­дендірілген тегін ме­ди­­­циналық көмек көлемі ая­­сында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету ті­зімінен алынып тасталған еді.  Ата-аналардың министр­лікке білікті отандық эндо­кринолог-мамандардың дә­лелді уәждерін алға тарта оты­рып, электронды үкімет пор­талы арқылы сұрау салуы да әлі жауапсыз қалып отыр. 

Оған қоса бірқатар өңірде инсулин препараттары дер кезінде жеткізілмегендіктен, жағдай қиындай түскен. Фармация комитетінің бас­шысына жеке шығып өті­ніш жасаған кезде ғана, су­самырға шалдыққан балалар амбулаториялық дәрі-дәрмекке қол жеткізген еді.

Тура осы жағдай инсулин сорғыларына да қатысты орын алып отыр. Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың екінші жартысында Денсаулық сақ­тау министрлігінің ке­піл­дендірілген тегін меди­циналық көмек көлемі аясында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту тізімінен инсулин сорғыларын алып тастау бастамасына нара­зылықтың нәтижесінде министрлік сорғыға мұқтаж балалардың барлығы бұл құралмен қам­тамасыз етіледі деп уәде еткен. 

Былтыр жыл басында елімізде «Қант диабетінің 1-түрі» диагнозы қойылған 3076 бала тіркелген. Сол кезеңде тек 1071 бала ғана сорғымен қамтамасыз етіл­ген. Біраз дау-дамайдан кейін 180-дей бала сорғымен қам­тамасыз етіліпті. 2019 жылға жоспарланған 352 инсулин сорғысы 2018 жылы анық­талған науқастардың ғана қажеттілігін қамтамасыз ете алады. Осылайша бізде 1800-ден аса инсулин сор­ғысы жетпей тұр. Демек, қант диабетіне шалдыққан ба­лалардың үштен бірі биыл да сорғымен қамтамасыз етіл­мейтін түрі бар, дейді нау­қас балалары бар ата-аналар. 

Олардың сабырын тауыс­қан ең қиын жағдай – глюкометрге арналған тест-жо­лақпен байланысты тендер мәселесі әлі белгісіз болып отыр. Тендерге өз өнімін ұсы­н­ған компаниялардың екеуі де жергілікті өндіру­шілер және бір бағада өз өнім­дерін ұсынады. Өн­дірушінің біреуінде өнімді сақтау мер­зімі 6 ай болса, екіншісінде – 24 ай. Ал тендерді өнімді сақтау мер­зімі қысқа компания ұта­ды. Тұтынушылар шенеу­ніктердің осы қателігін анық­таған кезде, «СҚ Фар­мация» тарапынан қарама-қайшы әрекеттер басталады. Алдымен жеңімпаз компания өнімді ай сайын жеткізеді деген мәлімдеме жасалады. Көп ұзамай өнімнің сақтау мер­зімі өзгеріп шыға келген. Сонымен қатар тіркеу куәлігін ISO 13485 сертификаттары негізінде алған осы медициналық мақсаттағы бұйымдардың қаншалықты заңды екендігі жөніндегі БАҚ-тағы жарияланымдар да көп сұрақ туғызады дейді бұл мәселені бүге-шігесіне дейін білетін ата-аналар.

Осыған байланысты қант сусамырының 1-түріне шал­­­дыққан балалардың ата-аналарының бастамашыл то­бының жанайқайын жет­кізуді жөн санадық.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/