Сумо бала: 3 жастағы Нұрәлидің салмағы 52 келіге жетті
Алматы облысының тұрғыны Ерлік Нышанмолдаев «Баламды аман алып қалыңдаршы» деп көмек сұрады. Айтуынша, кенже ұлы семіздік дертіне шалдыққан. Туылғанда небәрі үш жарым келі болған бөбек бір жасында 20, екі жаста 30, үшке келгенде 52 келіге толысқан.
Бұл туралы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтылды
Дәрігерлер кішкентай Нұрәлидің жүрегін май басып жатыр дейді. Өкпесінде демікпе бар деп дабыл қағуда. Баламның табанына кірген тікен маңдайыма неге кірмеді деп күндіз түні перзентінің амандығын тілеп отырған ата ананың ендігі үміті сіз бен бізде.
Ерлі-зайыпты 3 жастағы ұлдары Нұрәлидің денсаулығы үшін көмек сұрайды. Нұрәли өз жасына сай емес артық салмақ жинаған. Асқа тәбеті де ерекше. Ал дәрігерлер балаға нақты диагноз қоя алмапты.
Нұрәли 3 жаста. Салмағы 52 келі. Бойы 100 см. Бойы өз жасына сай келгенімен, салмағы артық. Әдетте мұндай жаста баланың салмағы 13-17 келі болу керек. Ата-анасының айтуынша, асқа тәбеті зор. Егер тамақты аз берсе, көгеріп жылап, тыныс ала алмай қалады.
«Үлкен көлемдегі киімдерді сатып әкелемін. Маған шақ киімдерді киеді. Үлкен жөргекқаптарды киеді. Диета сақтап көрдік. Оған шыдамайды. Сұраған нәрсесін берсемем, жылайды. Көгеріп жылағанда талып қала ма деп қорқамыз. Тойғанын білмейді. 5 минут сайын қарны ашып тұрады. Диеталық тағамдарды жемеймін деп жылайды. Тәттіні көп жейді», — деді анасы Нағима.
Баласы анасына бағынбайды, әкесіне адап көндігеді екен. Алайда бір жерден бір жерге аланы апарудың өзі мұң.
«Менің өзімнің салмағым 58 келі. Баламдікі 52 келі. Көтеріп жүрген қиын. Бірақ амал жоқ, балам болған соң көнемін. Өзі көп жүрмейді. Шаршап қалады. Дем жетіспей қалады. Жүрегін май баса бастаған. Басқа балаларға ілесе алмайды. Тез шаршайды. Баламның денсаулығына уайымдаймын. Емделіп кетсе екен деймін», — деп дылады әкесі.
Бұл ретте сарапшы мамандар ата-ананың баланың айтқанын істеп үйренгенін айтады. Бұл баланың ерке болуына, семіздікке шалдығуына әкеп соғады деп ескертті.
«Шектен тыс еркелік балаға кері әсер етуі мүмкін. Баланың айтқанын істей беруге де болмайды. Баланың сұрағаннын бере беру де ол үшін зиянды. Сұраған сайын тамақ бере берсе, өзін қимылдатпай көтеріп жүрсе, ол баланның семіздікке шалдығуының бірден бір салдары», — деді олар.
Ал эндокринолог маман Нұрәлидің семіздіктің үшінші, соңғы дәрежесінде екенін айтты.
«Мен Нұрәлидің бақылап отырып оның бойынан ешқандай ауытқушылық көріп отырған жоқпын. Бала өз жасына сай психологиясы дамыған. Тек салмағы көп», — деді психолог.
Алматы теміржол ауруханасы Нұрәлиден тиісті анализдер алып, барлық дәрігердің қабылдауына тегін қабылдауға даяр екенін айтты. Алдағы уақытта Нұрәли осы мамандардың бақылауында болады.