Студенттер марапатталды | «Айқын» газеті


Астанада Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің тікелей бастамасымен «Студенттердің 100 үздік идеясы» атты республикалық конкурс өтіп, жеңімпаздары анықталды.
Атап айтсақ, I-орынды әл-Фараби атындағы ҚҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенттері Балжан Қаратаева мен Камила Емангалиева иеленді. Олар «Alshy– ұлттық брэнд» жобасын ұсынып, ноутбук ұтып алды. Ал Қарағанды экономикалық университетінің Экономика және басқару факультетінің 3-курс студенті Алтынай Жолдыбай «Digital University» жобасы ұсынып, конкурстан II-орынды иеленіп, заманауи планшетке ие болды. III-орынды Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті Филология және тарих факультетінің 3-курс студенті Әйгерім Оразбектің «Тіл туризмі» жобасы өтіп, ұялы телефон сыйға алды.
Конкурстың жеңімпаздары Тәуелсіздік күніне орай Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында марапатталды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, БАҚ басшылары, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Жалпы, «Студенттердің 100 үздік идеясы» конкурсы Еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізгі ережелерін жүзеге асыру жөніндегі «100 идея» жобасын іске асыру шеңберінде өткізілді. Іс-шара ұйымдастырушылары – Білім және ғылым министрлігі және «Ел-шежіре» қоғамдық қоры.
Конкурстың мақсаты – үздік идеялар мен жастар бастамаларын жинақтау. Материалдар төмендегі бағытта өтті:
1. Қазақстанның қасиетті жерлерін бренділеу және оларды ары қарай дамыту;
2. Қолайлы қала ортасын қалыптастыру;
3. Ауылдық жердің тұрмысын жақсарту;
4. «Табыс тарихы» мен селф-брендингті көпшілікке тарату саласындағы бастамалар
5. Бизнес-жобалар мен стартаптар;
6. Әлеуметтік саладағы жаңа цифрлы шешімдер;
7. Латын әліпбиінге көшу;
8. Алғаш қазақ тіліне аударылған кітаптарды оқуға және көпшілікке таратуға қызығушылық арттыру;
9. Өлкетану;
10. Қазақстанның мәдениетін шетелге таныту және елдің халықаралық қоғамдық-мәдени ұстанымы.
Дереккөз: Айқын