Стойлов клубқа қайта оралатынын мәлімдеді
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов DIEMA SPORT болгариялық телеарнасына берген сұхбатында ұлттық құрамадағы жұмысына байланысты пікір білдірді.
«Жұмыс істеген 7-8 ай ішінде табыстарға жете алдық деп ойлаймын. Ойын барысына көңілім толады, тек нәтиже жағынан аздап жетіспей тұр. Біз алға қадам жасап, топта екінші орын алдық. Мен бірінші болғым келеді. Келесі Ұлттар лигасында Қазақстан өз тобында бірінші орын алады деп ойлаймын.
Менің ойымша, Болгарияда ойыншыларды таңдауға мүмкіндік мол және олардың шеберліктері де жоғары. Біздің бапкерлік команда «Астананы» Қазақстан ұлттық құрамасына айырбастады. Біз де ғажайыптан үміт күттік. Иә, прогресс бар. Бірақ топта бірінші алу мақсатымызға жете алмадық. Алайда команда кәдімгідей футбол ойнауға машықтанды.
Құрамалардың да түр-түрі бар. Құрамадағы ең үлкен проблема – ойыншылармен күнбе-күн кездесе алмайсың. Жаңа нәрселерді айтып үлгермеуің мүмкін. Дамуы да кешеуілдейді. Ал клубтық команданы баптасаң онда жағдай басқаша. Құрамада бар болғаны екі-үш жаттығумен ойдағы мақсатты жүзеге асыру қиынға соғады. Дегенмен біздің бапкерлер штабында тәжірибе бар.
Алты жыл бойы жұмыс істеп келе жатырмын. Өз-өзімді қайта қуаттап алу керек болды. Ұзақ уақыт бойы ұсыныстарды кері қайтарып келдім. Енді бәріне қайта мән беру қажет. Келесі қадам – клубтың команда. Және бұл қадамды жақын арада жасаймын деп ойлаймын» деді Стойлов.
Еске салсақ, 51 жастағы Стойлов Қазақстан құрамасымен наурыз айында екі жылдық келісімшартқа отырған болатын. Оның баптауымен команда Ұлттар лигасы D дивизионының тобында екінші орын алды.
Бұған дейін Стойловқа болгариялық «Левски» командасының қызығушылық танытып отырғаны хабарланған еді. Клуб басшылығы Станимирді шақыру үшін Қазақстан футбол федерациясына ірі көлемде өтемақы да төлеуге дайын көрінеді.
Абай Аймағамбет
Дереккөз: Айқын