«Спутник V» мен «QazVac»-тан басқасы ақылы болады
Келер жылдан бастап елімізде шығарылмайтын коронавирусқа қарсы вакциналар ақылы болады. Сәйкесінше азаматтар өз қалауынша шетелдік екпенің бірін сатып, коронввирустық инфекцияға қарсы иммунитет қалыптастыруға құқылы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
«Біздің пайымымыз бойынша, Қазақстанның өзге елдерге қарайламай, тиімділігі клиникалық зерттеулермен дәлелденген өз вакцинасын шығара алатын мүмкіндігі бар болғандықтан, отандық екпені ғана кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алуға болады. Оның өзінде қалған вакциналар тұмау сияқты аурулардың екпесі секілді коммерциялық айналымға жіберіледі. Біз қазір өндіруші компанияларды нарыққа кіріп, қызметін ұсынуға үгіттеп жатырмыз», деді министр.
Бас дәрігердің айтуынша азаматтардың Қазақстанда тіркелген шетелдік вакциналарды қолдануына ешқандай шектеу жоқ.
«Спутник V» және QazVac вакцинасынан басқа екпелерді қосымша, ақылы негізде салдыруға болады. Қазір фармкомпаниялар бұл мәселені пысықтап жатыр. Біз өз вакцинамызды шығара аламыз. Оның клиникалық тиімділігі дәлелденген. Ол вакцинаны кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алатын боламыз. Бірақ басқа вакциналар тұмау мен басқа да екпелер сияқты коммерциялық айналымда болады. Адамдар ол вакциналарды ақылы түрде салдыра алады», деді Цой.