Домой Басты тақырып Сапарбаевтың кадрларын африкалық жігіттер құттықтады (ВИДЕО)

Сапарбаевтың кадрларын африкалық жігіттер құттықтады (ВИДЕО)

0
2707

Соңғы 1 айда еліміздің 3 қаласының әкімі «Африкадан сәлемдеме» алып, желінің жұлдызына айналып шыға келді. Бір қызығы сахаралық жігіттер сәлем жолдап, нағыз «қара пиарға» тап болған екі қаланың әкімі де қазіргі Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өсірген кадрлар. Өмірлік тәжірибесі мол, әрі кризис менеджер аталып кеткен «ұстаздарынан» жас әкімдер пиар жасаудың да қыр-сырын жетік меңгерген сияқты.

Қала әкімдерінің ішінде алғаш болып, қара түсті жігіттердің «сүйіктісіне» айналған  Жақсылық Омармен Сапарбаевтың таныстығы 2005 жылы Қаржы министрлігінен басталса керек. Дәл осы кезеңдерде Бердібек Машбекұлы Қаржы министрлігіне қарасты Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, кейіннен Қаржы министрінің орынбасарлығы мен агенттік төрағасы қызметін қоса атқарған. Ал бұл кезде Жақсылық Омар Қаржы министрлігінде қатардағы маманның бірі болды.

Сапарбаев пен Омар да аталған министрліктен 2007 жылы кеткен. Екеуінің жолы араға 2 жыл салып Шығыс Қазақстан облысында қайта түйіседі. Бұл Сапарбаев облыс әкімі болса, Жақсылық Омар оның көмекшісі болып қызметке кіріседі. Басшысына Жақсылықтың қызметі қатты ұнаған сияқты. Қызметін облыс әкімінің көмекшілігінен бастаған Жақсылық Омар айналдырған 4 жылда облыс әкімінің орынбасарлығына дейін өсті. Әрине оған облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, мәдениет басқармасының басшысы қызметтерін атқарып, біраз «ысылды».

Сапарбаев Үкімет басшысына орынбасар болып кеткенде Омар онымен ермей өзінің қызметін атқара берді. Тек 2 жылдай Алматы облысында әкімнің орынбасары болып, кейін қайта шығысқа оралып Өскеменнің тізгінін ұстады.

Сапарбаевпен сенімді әріптестік байланысты көмекшіліктен бастаған Ержан Жылқыбаевтың да мансаптық өсуі Жақсылық Омарға ұқсас. Әуелі Сапарбаев Шығыс Қазақстанда әкім болып тұрғанда оның көмекшісі болды. Кейін аппарат басшысының орынбасары атанды. Екі жылдай облыс әкімі аппаратының тізгінін де ұстады.

Одан кейін Жылқыбаев пен Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде қайта бірге жұмыс істей бастады. Бірі министр, екінші бірінші вице-министрлік  «орынтаққа» жайғасады.  Кейіннен Сапарбаев Жамбылға келгенде де Жылқыбаев оның «оң қолы» болды. Бір жыл орынбасарлық қызмет атқарып, «оң солын танып», тәжірибе жинаған Ержан Жұматұлы қазір Сапарбаев басқаратын облыс орталығы Тараз қаласының әкімі қызметін атқарып жүр.

Ал Африкадан сәлемдеме қабылдаған Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровпен Сапарбаевтың арасында байланыс жоқ. Ашық дерек көздеріндегі мәліметке сүйенсек, Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының әкімі болып былтыр наурызда тағайындалған екен. Бұл кезде Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі қызметіне жаңадан кіріскен болатын.

Әрине Африкадан сәлемдеме жолдау коммерциялық жоба екені мәлім. Әйтсе де Қазақстанда 3 қаланың әкіміне жасалған мұндай «тосынсыйдың» екеуі Сапарбаев сенім артқан кадрларға жасалуының арасында бір байланыс бар сияқты.

Болат МЫЛТЫҚ,

kznews.kz ақпараттық агенттігі