«Спутник V» екпесі 415 қазақстандыққа кері әсер берген
Коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін медицина, ішкі істер және педагогика саласындағы 59 мың адам салдырған. Ал екінші компонентін тек 18 мыңдай медицина қызметкері қабылдапты. Бұл туралы КТК арнасы айтты.
Қазақстан қолданып жатқан ресейлік «Спутник V» препараты 415 азаматқа кері әсерін беріпті. «Бұл қалыпты жағдай» — дейді мамандар. Сарапшылар екпенің тиімділігін көру үшін уақыт керек деп отыр.
Александр Гуляев, Ұлттық дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сараптау орталығының сарапшысы:
— Осы немесе басқа коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігін, артықшылығын байқау үшін, менің ойымша, екі жылдай уақыт керек. Сол кезде ғана қай вакцинаның қауіпсіз, тиімді екенін ұға аламыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19вакциналарының тиімділігі 60-тан 90 пайыз шамасында екенін айтып жүр және соған сенімді. COVID-19-ға қарсы кез келген вакцинадан кейінгі иммунитет екі жыл сақталады. Ол тіпті бір жыл да болуы мүмкін екен. Екпе қабылдаған адамның коронавирус жұқтыруы, не жұқтырмауы оның созылмалы ауруына да байланысты болады. Ал індетпен күрескен науқастың антиденелері болғанымен, вакцина алғаны – дұрыс. Әрине, екпеге қарсы көрсетілімдер бар. Адам соңғы алты айдың ішінде қатерлі ауруға шалдықса, вакцина салдырудың қажеті жоқ. Жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы бар адамдарға және 18 жасқа толмағандарға екпе салынбайды.
Ләззат Ералиева, ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының орынбасары:
— Вакцина салдыратын адамдардың антиденелері қалыптасады және G 10, 5, 7 иммуноглобулиндері болуы мүмкін, бірақ олардың қанша уақытқа созылатынын ешкім білмейді. Сондықтан барлық адамдардың антиденелері бар ма, жоқ па, ол коронавирусқа қарсы егілуі керек.