Созылмалы аурулары бар астаналықтар QR-коды бар білезіктер тағып жүреді
2018 жылғы 22 желтоқсан 10:35 299
АСТАНА. ҚазАқпарат — Созылмалы ауруларға шалдыққан астаналық тұрғындар QR-коды бар білезіктер алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мәлім етілгендей, дәрігерлер білезіктегі QR-код арқылы науқас туралы толық ақпарат ала алады. Сондай-ақ азамат өзін жайсыз сезінген жағдайда оның жақындарына смс-хабарлама түседі. Пилоттық жоба қаладағы № 4, 9 және 10 үш емханаларда жүзеге асырылуда. Білезіктер әзірге диспансерлік есепте тұрған 210 адамға берілді. Олар — қант диабетіне, артериялды гипертензияға, созылмалы жүрек ауруларына шалдыққандар.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың айтуынша, дәрігерлердің ауыр жағдайдағы науқас туралы мәліметті толық әрі жылдам алуы аса маңызды. Енді бұл медициналық көмек білезігіндегі QR-код арқылы мүмкін болып отыр. Ол әсіресе науқас тілден айрылып қалған кезде өте маңызды.
«Статистика бойынша қабылдау бөліміне күн сайын 500 науқас ес-түссіз түседі. Осы кезде дәрігерлер науқас жайлы барынша толық ақпарат алуы керек. Бұл дәрігердің барынша тез және нақты көмек көрсетуі үшін маңызды. Қазіргі таңда осындай ақпаратты жинау үшін бірнеше сағат, кей кезде күндер кетеді. Кейде науқастың туыстарына оның жансақтау бөлімінде жатқаны туралы хабарлайық десек, еш мәлімет білмейміз», — деп түсіндірді Қ. Надыров.
Жоба әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалуда. Мұндай білезіктер бірқатар елде пайдаланылады. Жүйені әзірлеушілер — қазақстандық Abi.kz IT-компаниясы.
«Қолында білезігі бар әр науқастың «жеке кабинеті» бар, ол жерде ол өзінің фотосын байланыс ақпараттарын өзгерте алады. Мысалы, науқас ауырып қалып жедел жәрдем шақырған кезде дәрігер келіп білезікті сканерлеген соң, «жеке кабинетте» мәліметтер көрсетілген хабарлама науқастың туғандарына бірден келеді. Бес-алты нөмірге дейін көрсетуге болады. Болашақта геолокация қосамыз, науқастың туғандары науқас қай жерде ауырып қалғанын білетін болады», — деді Abi.kz IT-компаниясының өкілі Артем Игнатұлы.
Пилоттық жоба үшін жүйені жасаушылар білезіктің бір партиясын тегін берген. Жобаны 2019 жылдың наурыз айында толық жүзеге асыру көзделген. Қазіргі таңда нарықта бар бірнеше компания осындай қызмет көрсетуге дайын.
Қамалжан Надыровтың айтуынша, Астанада диспансерлік есепте тұрған 120 мың науқастың шамамен 60 мыңы — қант диабеті, артериалды гипертензия, созылмалы жүрек ауруына шалдыққан.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz