Совет одағының соңғы басшысы Михаил Горбачев қайтыс болды

0

Мәскеу орталық клиникалық ауруханасында Совет одағы орталық комитетінің соңғы бас хатшысы Михаил Горбачев 91 жасында қайтыс болды.

Ресей ақпарат құралдары Горбачевтің «созылмалы аурудан көз жұмғанын» жазды.

Ол Мәскеудің Новодевичье зиратына әйелі Раиса Максимовнаның (1999 жылы қайтыс болған) жанына жерленеді.

Әлемнің түкпір-түкпірінде бұрынғы саясаткердің туыстарына көңіл айтып жатыр.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Горбачев «тарих бағытын өзгерткен» тұлға деп мәлімдеді.

Еуропа комиссиясының президенті Урсула вон дер Ляйен Горбачевтің «мұрасы ешқашан ұмытылмайды» деді. Ол «құрмет пен сенімге ие басшы болды» және «қырғи-қабақ соғысты аяқтау және темір пердені бұзуда маңызды рөл атқарып, еркін Еуропаға жол ашты» деді ол.

Михаил Горбачёв 1931 жылғы 2 наурызда Ресейдің Ставрополь өлкесі Привольное ауылында дүниеге келген. Мектепті күміс медальмен аяқтап, 19 жасында Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түскен. Екінші курста Совет одағы коммунистік партиясына қабылданған.

Оқуын тәмамдаған соң Ставропольге жіберілген. Сол жерде партиядағы саяси мансабын бастаған. 1970 жылы Совет одағы Жоғарғы кеңесінің депутаты атанса, 1978 жылы комунистік партия орталық комитетінің хатшысы болып сайланып, отбасымен Мәскеуге көшкен. Горбачевтің өзінің айтуынша, қызметте үлкен қарқынмен өсуіне Совет одағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Юрий Андропов ықпал еткен.

1980 жылы қазанда партия орталық комитеті саяси бюросының мүшесі болды.

Михаил Горбачев Компартия бас хатшысы Константин Черненко қайтыс болған соң, 1985 жылғы 11 наурызда жаңа бас хатшы болып сайланған. Көп кешікпей «жариялылық» саясатын жариялап, оның соңы бірнеше жылдан соң іс жүзінде сөз бостандығына жетеледі, кейін парламентаризм пайда болып, СССР құлады.

Халықаралық аренада Горбачев ядролық қаруды азайту және АҚШ, НАТО-мен жағдайды ушықтырмау саясатын қолдады. Горбачев қолға алған қайта құру саясаты Шығыс және Орталық Еуропада совет режимдерін құлауға итермеледі. Бұл Михаил Горбачевті әлемдегі ең танымал адам етті. 1990 жылы Горбачев Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты болды.

1990 жылы Горбачев СССР президенті болып сайланды. Бұл – жаңа қызмет. Бұған дейін елді Жоғарғы кеңес президиумы төрағасы басқарып келген.

1991 жылы тамызда реакционерлер тобы Совет одағын сақтау үшін мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенгенмен нәтижесіз аяқталды.

Горбачев 1991 жылы желтоқсанда президент өкілетінен бас тартты. Ол кезде тәуелсіздіктерін жариялап қойған Ресей, Украина және Беларусь СССР-ді жою туралы Беловеж келісіміне қол қойған.

Саясаттан кеткеннен кейін Михаил Сергеевич Ресей және әлем тарихының мәселелерін зерттеумен айналысатын «Горбачев-қорын» құрды. 1996 жылы Горбачев Ресейдегі президент сайлауына қатысқанмен 0,51% дауыс жинады.